Шымкентте жасөспірімдер арасында теннистан әлем чемпионатының іріктеу турнирі басталды. Байрақты бәсеке Азия және Тынық мұхиты аралығынан 16 елден 100-ге жуық спортшы жиналды. Сайыстың ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен Қазақстан Теннис Федерациясының вице-президенті арнайы қатысып жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Шымкент қаласының Ұлттық теннис орталығында жастар арасындағы әлем чемпионатына іріктеу бойынша Дэвис кубогы кезеңінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.ҚР Теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев сайыстың маңызы зор екенін атап өтіп, барша ұйымдастырушыларға рақметін жеткізді. Осы айдың 25-іне дейін созылатын жарысқа 16 жасқа дейінгілер арасында Азия – Тынық мұхит аймағының жасөспірімдер командалары қатысып жатыр.
Жасөспірімдер арасында әлем чемпионатына жолдама алу үшін бірінші болып қыздар сайысқа түседі. Мұнда Қазақстан, Аустралия, қытайлық Тайбэй, Гонконг, Үндістан, Индонезия, Малайзия, Иран, Жапония, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Моңғолия, Жаңа Зеландия, Таиланд, Өзбекстан, Вьетнам елдерінің теннисшілері бақ сынайды.
Шымкент қаласындағы Belline Arena ұлттық теннис орталығында өткізілген жеребеге сәйкес қазақстандықтар А тобында Жапония, Индонезия және Вьетнам құрамаларымен ойнайды. Өткен жылы 16 жасқа дейінгілер арасында Қазақстан жасөспірімдер құрамалары Дэвис және Билли Джин Кинг кубогінің іріктеу сайыстарын сәтті өткізіп, Қазақстан теннисі тарихында алғаш рет әлем чемпионатына жолдама алған еді.
Айта кетейік, Шымкент қаласында заманауи талаптарға сай үстел теннисі орталығы салтанатты түрде ашылған болатын. Жаңа нысанның құрылысы 2022 жылдың қазан айында аяқталған болатын. Құрылыстың жалпы құны – 1,2 млрд теңге. Қазіргі таңда орталық Шымкент қаласының үстел теннисі федерациясына қарасты.










