Шымкентте тұрғындарды бұқаралық спортқа тартуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған «SHYMKENT PARK LEAGUE» жаңа жобасы іске қосылады. Бастама қала тұрғындарының дене белсенділігін арттырып қана қоймай, қоғамдық орындарда спортпен шұғылдану мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Жоба аясында қаланың 11 саябағы спорттық челлендждер арқылы өзара бақ сынап, тұрғындар белсенділік таныту арқылы өздері таңдаған саябақтың нәтижесіне үлес қоса алады.
Жарыс 7–27 қараша аралығында 21 күн бойы өтеді. Осы уақыт ішінде қатысушылар таңғы жаттығуларға қатысып, түрлі дене жаттығуларын орындау арқылы өз белсенділігін көрсетеді. Олардың нәтижелері қазақстандық AI SPORT қосымшасында тіркеледі. Осылайша, спорттық тапсырмаларды орындау мен қатысушылардың жетістіктерін бағалау цифрлық форматта жүзеге асады.
Жобаның басты ерекшелігі – жарысқа қатысу үшін міндетті түрде саябаққа бару талап етілмейді. Қатысушылар тапсырмаларды өздеріне қолайлы жерде орындап, онлайн форматта да лигаға қосыла алады. Ал саябақтардың өзінде нұсқаушылардың қатысуымен таңғы жаттығулар ұйымдастырылып, тұрғындарға дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысуға жағдай жасалады. Бұл жұмыс кестесі тығыз азаматтардың да спортқа уақыт бөлуіне мүмкіндік береді. Жобаға қатысу тегін.
Лигаға тіркелу 23 қазанда AI SPORT қосымшасында басталады. Қатысушы алдымен қосымшаға тіркеліп, қалалық саябақтардың бірін таңдайды. Одан кейін ұсынылған спорттық тапсырмаларды орындап, өз нәтижелерін жүйеге енгізе алады. Қатысушылар үшін 21 күн бойы тұрақты белсенділік таныту маңызды. Себебі мұндай бастамалар дене шынықтыруды күнделікті әдетке айналдыруға ықпал етеді.
Жобаға 16 жастан асқан тұрғындар қатыса алады. Ұйымдастырушылар заманауи цифрлық технологияларды пайдалана отырып, қала халқының спортқа қызығушылығын арттыруды, саябақтарды белсенді демалыс орталығына айналдыруды және бұқаралық спорт мәдениетін дамытуды мақсат етіп отыр. Сонымен қатар бастама тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, қаладағы қоғамдық кеңістіктерді кеңінен пайдалануға және спортпен айналысатын азаматтардың қатарын көбейтуге мүмкіндік береді.
«SHYMKENT PARK LEAGUE» жобасы қалалық саябақтардың әлеуетін танытып, тұрғындарды ортақ спорттық бастама төңірегіне біріктіруге бағытталған. Жасанды интеллект технологиялары мен дене белсенділігін ұштастырған бұл жоба әр азаматқа өзіне қолайлы жерде жаттығуға мүмкіндік береді. Бастама алдағы уақытта шымкенттіктердің салауатты өмір салтына деген қызығушылығын арттырып, бұқаралық спорттың қала өміріндегі маңызын күшейтуге үлес қосады.











