Қадірлі әлеумет!
Өмірінің 80 жасына қараған шағында Аман Ғумырұлы Төлеев көз жұмды. Бұл – жай ғана есім емес екенін бәріміз де білеміз. Ресей саясатындағы аса беделді тұлғалардың бірі, тұтас бір дәуірдің иесі. Ол – бүкіл ел ереуілге шығып, жарылыс орнаған кезде аймақты қабылдап алып, оны Ресейдегі ең қуатты өңірлердің біріне айналдырған Кузбасс губернаторы болды.
Бұл – жұртты тығырықтан құтқару үшін қара басын бірнеше мәрте қатерге тіккен үлкен қажыр-қайраты бар адам. Ол іскерлігімен елдегі ең үздік әлеуметтік қорғаудың бірегей жүйесін құра алды.
Біз Аман Ғұмырұлының жерлестерінің проблемаларына, қайғысы мен қасіретіне қалай қарайтынын естідік, көрдік. Жарықтық олардың қасіретін өзінікі сияқты басынан қатар кешірді! Олардың жан-жаралары оның жүрегіне шаншудай қадалды. Кузбасстың қаншама тұрғындары Аман Ғұмырұлының қиындықтан арашалаған көмегі мен қолдауы үшін әлі күнге дейін шынайы ризашылықтарын білдіреді! Облыста жеке өзінің және тікелей басшылығымен атқарылған қыруар жұмысы үшін дән риза. Өйткені жақсылық ешқашан ұмытылмайды! Әсіресе, нақты ардагерге, балаға, студенттерге жеткен қарапайым «атаулы» көмектің мәні зор.
Жүректе өшпей сақталу – ең жоғарғы құрмет.
Аман Ғұмырұлы өзінің соңғы сағатына дейін Ресейдің шынайы, адал патриоты болып қала білді. Айбынды да құдіретті тұлға. Қай кезде де қуанышта болсын, қасіретте болсын ол әрдайым өз елімен бірге болды. Оңтүстік өңіріндегі Шардараның қасиетті қорымында жерленген әкесінің басына барып, құран бағыштап халқына ас беріп кетіп еді. Қара жер қашан да Төлеев сияқты адалжүректі адамдардың арқасында аман тұр.
Марқұм өзінің бір сұхбатында тарихи Отанына деген сағынышы мен құрметін жеткізе отырып: «Әттең, омыртқаға жасалған күрделі отадан кейін, балдаққа таңылып қалдым ғой. Тезірек аяққа тұрып, Ел-жұртыма балдақсыз, еңсемді түсірмей, кәдімгі
Аман Төлеев боп баруым керек! Өзіммен бірге немерелерімді де ала барып, Маңғыстаудағы Бекет атамыздың басына зиярат етіп қайтсақ деген ниетім бар!» деп айтқан еді. Оның бұл сапарын ұйымдастыруды Дүниежүзі қазақтарының Қауымдастығы өз мойнына алған болатын. Әттең, сол ниетке жете алмай қалдық…
Осынау ауыр сәтте біз Аман Ғұмырұлының жұбайы Эльвира Федоровнаға мен жалғыз ұлынан өрбіген үш немересіне көңіл айтамыз. Қиын шақта біз сіздермен біргеміз! Қазақ халқының аяулы перзенттерінің бірі Аман ағамыздың арты қайырлы болып, алдынан жарылқасын. Иман байлығын берсін!
Зауытбек Тұрысбеков
Дүниежүзі қазақтар Қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары