Бүгінгі таңда республикамызда экономиканы қайта құру жолында оның негізі болып табылатын кәсіпкерлікті дамытып, жандандыру күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі. Сондықтан кәсіпкерлікті дамытуды басқару еліміздің жүзеге асырып жатқан саясатының стратегиялық мәселесі болып табылады. Кәсіпкерлікті дамытпайынша, қазіргі кездегі экономиканы қалпына келтіру мен дамыту мүмкін емес, өйткені қазірде бизнес нарықтық қатынастарда үнемі қайта өндіріп отыратын орта болып табылады. Қазіргі жағдайда тек бизнес қана республика мен облыс экономикасын жандандыруға қабілетті. Сондықтан да кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау жасау мен ынталандыру жалпыұлттық басымдыққа айналды. Қазақстанда іс жүзінде кәсіпкерлікті қолдау және қорғау жөнінде заңдар қалыптасты, олар үнемі жетілдіруде.
Сонымен қатар елімізде жас кәсіпкерлердің санын арттыру мақсатында жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен биыл ғана енгізілген жаңа жоба аграрлық өнеркәсіпті дамытуға бағытталған. Еліміздің 35 жасқа дейінгі әрбір азаматы аз пайызбен несие алып, Өз кәсібін ашып қана қоймай ауылшаруашылығын дамытуға да үлес қоса алады.
Шағын несие 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Жастардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан аспауы тиіс. Бағдарламаға жұмыс істейтін жастар да қатыса алады.
Несиелеу шарттары:
✅Несие сомасы: 5 млн теңгеге дейін;
✅Сыйақы мөлшерлемесі: жылдық 2,5%;
✅Несие мерзімі: мал шаруашылығын дамытуға – 7 жылға дейін; бизнестің басқа бағыттары үшін – 5 жылға дейін;
✅Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу кезінде шағын несие мерзімінің үштен біріне дейін жеңілдік кезең қарастырылған.
Несие кепілге қойылған мүлікпен қамтылуы міндетті. Кепіл ретінде жылжымалы (арнайы техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Мүлкіңіз болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-аналарын, туыстарын және т.б.) тартуға болады.
Өтінім беру үшін құжаттарды «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына тапсыру қажет. Филиалдардың мекенжайы agrocredit.kz сайтында көрсетілген.
Биыл Шымкентте 260-қа жуық жас жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, өз кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алады.
Мемлекет басшысы жастардың кәсіпкерлік бастамалары үшін 2,5 пайыздан жеңілдетілген микрокредит беру тапсырмасын іске асыру барысында Шымкент қаласынан биылғы жылы 261 кәсіп бастаушы жасқа микрокредит беру мақсатында республикалық бюджеттен 1 305,0 млн. теңге қарастырылған.
Қазір жастар кәсібін жеңілдетілген несиелендіруге қатысты Шымкент қаласының әкімдігі, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Қаржы министрлігімен үш жақты кредиттік шарт жасалды.
Сенім білдірілген өкіл болып «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысымен айқындалды.
Бүгінгі таңда 2 комиссияның отырысы өтті. Онда 63 құжат қаралып, 31 адам комиссияның оң қорытындысын алды.Биылғы жылдың 30 мамырында Шымкент қаласы бойынша жастарға микрокредиттер беру мақсатында бизнес-жобаларды іріктеу үшін конкурс комиссиясының келесі отырысы өтті.
Шымкент қаласында бұған дейінгі жарық көрген кәсіпкерлік жобаларын ұтымды пайдаланып, өз кәсібін ашқан азаматтар да бар. «Ел экономикасының күші – отандық өнімде» деген ұстанымдағы Шымкенттік «Lux Shoes» фабрикасы бүгінде заман талабына сай итальяндық технология бойынша, түркиялық «FANTES» және «COMELZ» маркалы құрылғылармен аяқ киім тігеді. 2018 жылдан бері нарықта отандық өндіріске үлес қосып келе жатқан компания жақында аяқ киім тігудің жаңа желісін іске қосты. Яғни, «Lux Shoes» БК» ЖШС-нің аяқ киім табандары өндірісі Шымкент қаласының «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
Фабрика 120 жұп және 150 жұп резеңке табанын дайындауға қауқарлы.Отандық аяқ киім өндірісіне маманданған кәсіпорын 2018 жылдың тамызында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жұмысын бастаған. Жобаның инвестиция көлемі – 693 миллион теңге. Фабрикада 45 адам жұмыс істейді. Аяқ киімнің барлық түрлері таза былғарыдан жасалған және сапалылығымен ерекшеленеді.
Арнайы экономикалық аймақтың дайын инфрақұрылым, жер және мүлік салығынан, корпоративтік табыс салығынан босату сынды жеңілдіктері кәсіпорынның тұрақты дамуына және нарықты отандық өніммен қамтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Shymkent Qagazy» ЖШС жылына 3 млн картон қорабын және 10 мың тонна крафт қағазын шығаруда. Қазір шымкенттік тауарлар еліміздің барлық аймақтарына жөнелтілуде. Макулатура автоматтандырылған қондырғылардың көмегімен өңделеді. Осыдан үш жыл бұрын іске қосылған кәсіпорын өнімдеріне сұраныс артып отыр. Алдағы уақытта серіктестік жаңа бағыттарды іске қосып, өнім түрлерін көбейтуді жоспарлауда. Бұл желілер жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «Оңтүстік» АЭА-да аймақтағы жалғыз 3 және 5 қабатты гофрленген картон өндіруші «KazbioLife» ЖШС кәсіпорны орналасқан. Өндірістік қуаты жылына 60 млн. шаршы метр гофрленген картон және картоннан қаптама қораптарын құрайды. Қазіргі таңда кәсіпорын өндірісті кеңейту мақсатында екінші жобасын іске асыруда.
Бүгінде «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында инвестиция көлемі 58,4 млрд. теңгені құрайтын 35 жоба іске асырылып, 2,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылған.
Қолайлы инфрақұрылым мен заманауи логистика тың жобаларды іске асыруға мүмкіндік беруде.
Сондай-ақ, аумағы 867 гектарды құрайтын 5 жаңа өнеркәсіптік алаң құрылуда. Нәтижесінде, инвестиция көлемі 398 млрд. теңгені құрайтын 271 жоба іске асырылатын болады.
Мемлекет қашанда кәсіпкерлерге қолдау танытуда. Оның айғағы – бірнеше бағдарламаның қолданысқа еніп, кәсіп иелерінің игілігіне жарап жатқаны.