Елдің дамуы үшін білімді болумен қатар дені сау болуы маңызды. Дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, өзін түрлі қырынан дамытуға қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің міндеті. Сол себепті ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауынан бастап бұқаралық спортты дамыту мәселесіне баса назар аударып келеді. Жолдау жүктеген міндеттерді әр өңір тиісінше атқарып келеді. Спорт саласын дамыту бойынша Шымкент қаласының ағымдағы жылдың 5 айында жеткен жетістігі жетіп артылады.
Шымкент қаласында жалпы 34 спорттық ұйым жұмыс жасайды. Осы спорт ұйымдарында 18 242 спортшымен штаттағы 906 жаттықтырушы оқу-жаттығу сабақтарын жүргізуде. Аталған мекемелерде спорттың 75 түрі дамытылады
Шаһардың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының нысаналы индикаторлар тізбесіндегі спорт саласының көрсеткіштері 4 бағыт бойынша жүргізіледі:
- Дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың санын жалпы халықтың 50% — ына дейін жеткізу;
- Халықтың 1000 адамға арналған спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі;
- Дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын, дене шынықтырумен және спортпен айналысуға қарсы көрсетілімдері жоқ мүмкіндігі шектеулі адамдар қатарындағы ерекше қажеттіліктері бар халықтың үлесі;
- Жастарды спортпен қамту (14-18 жас);
Ендігі мұның орындалуына зер салар болсақ, Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарында «Дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың санын жалпы халықтың 50% — на дейін жеткізу» көрсеткіші бекітілген. 2022 жылдың қорытындысы бойынша қаладағы дене шынықтыру және спортпен жүйелі шұғылданушылар саны 498 852 адамды /42%/ құрады. Қазіргі уақытта,қала аумағында дене шынықтыру және спортпен айналысуға қарсы көрсетілімі жоқ 15644 мүгедек тұрады, оның ішінде 2036 адам дене шынықтырумен және спортпен айналысады (2021 жылы – 1802 адам). 2023 жылы спортпен айналысатын мүмкіндігі шектеулі адамдардың саны 234 адамға немесе 13,0 % құрайды. Спортқа бет бұрған жастар саны 45 940 адамды құрайды.
2023 жылдың 4 айында өткізілген бұқаралық спорттық іс-шаралар:
«Шымкент жастар лигасы». 2023 жылы бұқаралық спортты дамыту мақсатында қала мектептері арасында футбол, волейбол, баскетбол, шахмат спорт түрлерінен наурыз-маусым айлары аралығында 526 командада 6240 бала қатысатын «Шымкент жастар лигасы» өткізілуде.
«Наурыз» Шымкенттен басталады». Ағымдағы жылдың 20-22 наурыз күндері аралығында Шымкент қаласының заманауи атшабарының ашылуына және «Наурыз» Шымкенттен басталады атты мерекесіне орай 9 спорт түрлерінен (қазақ күресі, бәйге, көкпар, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, асық ату, теңге ілу, аударыспақ және тғызқұмалақ) «GREAT QAZAQ GAMES» ұлттық ойындары жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілді.
Ұлттық ойындарына еліміздің өңірлерінен және шет елдерден жалпы 1000-нан аса спортшылар қатысты. Оның ішінде, Қырғызстан мемлекетінен – 49 спортшы, Өзбекстан мемлекетінен – 37, Монғолия мемлекетінен – 11, Қытай елінен – 9, Ресей елінен – 9, Тәжікстан елінен – 5, Польша мемлекетінен – 3, Сауд Арабия мемлекетінен -2, Түркия елінен – 1 спортшы (шетелдік 126 спортшы) қатысты.
Жоғарыда аталған 2023 жылы өткізу жоспарланған жалпы іс-шараларға 47000 адамның қатысуы жоспарлануда.
Бұқаралық спорттың жағдайы мен дамуы қажетті спорттық инфрақұрылымның болуына байланысты екені белгілі. Қалада статистикалық есеп бойынша 1077 спорттық нысанды құрады. Жалпы 1077 спорт нысанның- 150 жеке меншікте.
2023 жылдың 1 тоқсанында қаламызда «Үстел теннисі спорт кешені» және «Жаңа ипподром құрылысы» (демеуші есебінен) пайдалануға берілді.
Ал жыл соңына дейін қосымша — «Металлург» стадионының құрылысы, №12 спорт мектебінің қосымша корпусы құрылысы, №20 спорт мектебінің спорт кешенінің құрылысы, «SPORT LIFE» футбол орталығының құрылыс кешені аяқталып, пайдалануға берілмек.
Оған қосымша ағымдағы жылы 6 спорт нысан құрылысын жүргізу жоспарлануда. Олар: Тұран шағын ауданында «Теннис орталығы», қалалық №15 спорт мектебінің спорт кешені, жаңа ипподромға қосымша атқоралар, Тассай шағын ауданында спорт нысанының құрылысы, Нұршуақ шағын ауданындағы спорт нысаны мен Тұран шағын ауданындағы спорт кешеннің құрылысы.
Сонымен қатар, 6 спорт нысанның құрылысын жүргізу үшін құжаттамалары (техникалық экономикалық негіздемесі, жобалық сметалық құжаттамасы) әзірленуде. Олар:
- №1 спорт мектебінің қосымша ғимаратының құрылысы;
- №4 спорт мектебінің қосымша корпусының құрылысы;
- №16 спорт мектебінің қосымша спорт залының құрылысы;
- Қажымұқан атындағы орталық стадионды реконструкциялау;
- Шымкент сити шағын ауданында көпфункционалды «Шымкент арена» спорт кешенінің құрылысы;
- Тұран шағын ауданындағы спорт кешен құрылысы;
Спорттағы жетістіктер. Жоғары спорттық жетістіктер бойынша 2023 жылдың 4 айдағы жеткен нәтижелер туралы айтар болсақ, қала спортшылары спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаттарына қатысып, 316 алтын, 268 күміс, 284 қола медаль жеңіп алды. Жалпы 868 медаль.
Азия чемпионаттарында қала спортшылары 16 алтын, 18 күміс және 17 қолаға қол жеткізсе (жалпы 51медаль), осы уақыт арасында Әлем чемпионаттарында 1 қола және
Әлем Кубогында 1 алтын медальға ие болды. 2023 жылдың 16-27 қаңтар аралығында Бангкок /Тайланд/ қаласында бокстан 22 жасқа дейінгі жастар арасында өткен Азия чемпионатында 57 кг. салмақта Сабырхан Махмуд 1-орын, 67 кг. салмақта Абзал Серік 2-орын және 75 кг. салмақта Дидай Дана 3-орынды иеленді.
2023 жылдың 02-09 наурыз аралығында Ташкент /Өзбекстан/ қаласында семсерлесуден жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында Ғабиден Мұстафин /шпага/ командалық 1-орын, Тамбовцева Александра /шпага/ жекелей 2-орын, Айтмырза Нұрсәт және Эргешбай Қуаныш /сабля/ командалық 3-орын, Серікбай Адема /сабля/ командалық 2-орын, Оспанова Алина /сабля/ командалық 3-орын, Балтабай Нұрмахаммед /шпага/ командалық 3-орынды жеңіп алды.
Ағымдағы жылдың 08-11 наурыз аралығында Бішкек /Қырғызстан/ қаласында еркін күрестен /сурдо/ өткен Азия чемпионатында 70 кг. салмақта Пернеш Шадияр 1-орын және 79 кг. салмақта Рсалы Сабыржан 2-орынды иеленді.
Осы жылдың 15-16 наурыз аралығында Нью-Дели /Индия/ қаласында бокстан әйелдер арасында өткен Әлем чемпионатына Шымкент қаласынан 3 спортшы қызымыз Шекербекова Жайна, Нуршаева Мадина және Шолтай Фариза қатысып, 81 кг. салмақта Шолтай Фариза 3-орынға ие болды.
2023 жылдың 22-28 ақапан аралығында Бангкок /Тайланд/ қаласында джиу-джитсудан өткен Азия чемпионатында контакт бөлімі бойынша 1-алтын, 2-күміс, 2-қола, файтинг бөлімі бойынша 2-қола медальға ие болды. Осы жылдың 11-27 қаңтар аралығында Рабат /Марокко/ қаласында стенд атудан өткен рейтингтік Әлем чемпионатында Зоя Кравченко командалық 1-орын, Дмитриенко Мария және Анастасия Прилепина командалық 2-орынға ие болды. 2023 жылдың 05-10 ақпан аралығында Мараккеш /Марокко/ қаласында бокстан әйелдер арасында өткен Халықаралық турнирде Шекербекова Жайна 1-орын, Нуршаева Мадина, Шолтай Фариза 3-орынға ие болды. 2023 жылдың 27-29 қаңтар аралығында Каир /Египет/ қаласында каратэден өткен Премьер-Лига Халықаралық турнирінде 60 кг салмақта Алпысбай Қайсар 1-орын және +68 кг. салмақты Софья Берульцева 2-орынға тұрақтанды. 2023 жылдың 27.01- 07.02 аралығында Джакарта /Индонезия/ қаласында оқ атудан өткен Әлем Кубогында Юнусметова Ирина жекелейде 2-орынға ие болып Әлем чемпионатына жолдама алды. Елизавета Безрукова, Анастасия Григорьева командалық 1-орын, Никита Шахторин командалық 2-орын, Ирина Юнусметова командалық 3-орыннан көрінді. 2023 жылдың 02-10 ақпан аралығында Алматы қаласында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен өткен 6-шы Жазғы Спартакиадасында Шымкент қаласының спортшылары төмендегідей көрсеткіштерге қол жеткізді: Грек-рим күресі – 2-алтын, 1-күміс, 5 қола медальмен жалпы командалық есепте 1-орынға ие болды. Әйелдер күресі – 1-алтын, 1-қола медальмен жалпы командалық есепте 6-орынға ие болды. Еркін күрес – 1-алтын, 1-күміс, 2-қола медальмен жалпы командалық есепте 3-орынға тұрақтанды.
2023 жылдың 19-26 наурыз аралығында Қарағанды қаласында үстел теннисінен өткен 6-шы Жазғы Спартакиадасында Шымкент қаласының спортшылары төмендегідей көрсеткіштерге қол жеткізді:
Қыздар жұптық командада Бахыт Анель және Миркадирова Сарвиназ 1-орын, Қыздар командалық /4 қыз/ есепте 2-орын, Қыздар жекелей есепте Миркадирова Сарвиназ 2-орын, қыздар жекелей есепте Бахыт Анель 3-орын, Аралас жұпта /ұл, қыз/ 3-орын, ерлер жұптықта 3-орын ие болып жалпы командалық есепте 3-орынға табан тіреді.
2023 жылдың 10-16 наурыз аралығында Загреб /Хорватия/ қаласында дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында өткен Әлем Кубогында 40 кг. салмақ дәрежесіндегі Юлдашбекова Сабина 1-орыннан көрінді.
Ағымдағы жылдың 24-26 ақпан аралығында Любляна /Словения/ қаласында таеквондодан өткен рейтингтік Халықаралық турнирде Абабакиров Самирхан 1-орын, Исламов Жавохир 2-орын, Дүйсебай Смайыл 3-орынға ие болды.
2023 жылдың 21-25 ақпан аралығында Александрия /Египет/ қаласында грек-рим күресінен өткен рейтингтік Халықаралық туртнирде 130 кг. салмақта Әлімхан Сыздықов 3-орынға ие болды.
16-20 ақпан аралығында Баку /Әзірбайжан/ қаласында батуттық гимнастикадан өткен Әлем Кубогында Алиев Пирмаммад алтыннан алқа тақты.
16-20 наурыз аралығында Рига /Латвия/ қаласында дзюдо күресінен ересектер арасында өткен Еуропа Кубогында 81 кг. салмақта Нысанәлі Айбол жеңімпаз атанды.
09-14 сәуір аралығында Астана қаласында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен өткен Азия чемпионатында грек-рим күресінен 65 кг. салмақта Мамырбек Мұхаммедали және 130 кг. салмақта Сыздықов Алимхан 3-орынға, әйелдер күресінен 68 кг. салмақта Елена Шалыгина 3-орынға және еркін күрестен 74 кг. салмақта Дархан Есенғали жеңімпаз атанды.
29.04-03.05 аралығында Аджман /БАӘ/ қаласында армрестлингтен жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында 45 кг. салмақта Әділбек Нұғман, 50 кг. салмақта Жасурбек Маманияз және 60 кг. салмақта Мұқағали Мансұр жеңімпаз атанды.
22.04-01.05 аралығында Самарканд /Өзбекстан/ қаласында байдарка және каноэ есуден Азия чемпионатында Шымкент қаласының спортшылары 8-алтын, 8-күміс және 4-қолаға қол жеткізді.
27-30 сәуір аралығында Ташкент /Өзбекстан/ қаласында жеңіл атлетикадан жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында 4х100 эстафетада Володкина Ангелина күміс жүлдегері атанды.
05-11 сәуір аралығында Ташкент /Өзбекстан/ қаласында көркем гимнастикадан өткен командалық Әлем Кубогында Шымкент командасының қыздары 1-күміс және 1 қола медальға қол жеткізді.29-30 сәуір аралығында Ториц /Грузия/ қаласында дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында өткен Еуропа Кубогында 40 кг салмақта Сабина Юлдашбекова жеңімпаз атанды. 01-14 мамыр аралығында Ташкент /Өзбекстан/ қаласында бокстан ерлер арасында өткен Әлем чемпионатында 54 кг салмақта Сабырхан Махмуд 1-орынды иеленіп, жеңімпаз атанды. 05-15 мамыр аралығныда Чинджу /Оңтүстік Корея/ қаласында ауыр атлетикадан ересектер арасында өткен Азия чемпионатында 55 кг салмақта Чонтей Арли 3-орын және 102 кг салмақтағы Әділетұлы Нұрғиса жеңімпаз атанды.
19-21 мамыр аралығында Стамбул /Түркия/ қаласында семсерлесуден өткен Әлем Кубогында Шымкент қаласының екі спортшысы Алимжанов Эльмир және Сертай Ерлік алтыннан алқа тақты.
2023 жылдың 20-21 мамыр аралығында Малага /Испания/ қаласында дзюдо күресінен жастар арасында өткен Еуропа Кубогында 90 кг. салмақта Досымов Құдірет 2-ші орыннан көрінді.
Осы жылдың 11-14 мамыр аралығында Михайловце-Стразске /Словакия/ қаласында комбат дзю-дзюцудан өткен Еуропа чемпионатында Шымкент қаласының 20 спортшысы негізгі орынға ие болды.
Спорттық санат. 2023 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша: 1 Еңбегі сіңген спорт шебері, 14 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 64 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 102 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды. Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама сапына ересектер құрамасына 427, жастар құрамасына 353, жасөспірімдер құрамасына 331 спортшымыз енген. Жалпы 1111 спортшы Ұлттық құрама сапында еліміздің намысын қорғайды.