Ташкент қаласында өткен әлем чемпионатында көк туды көкте желбіреткен Махмұд Сабырхан өткен аптада Шымкентке оралды. Төрткүл дүние көз тіккен әлемдік додада топ жарған былғары қолғап шеберін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, жастар мен спортшының туған-туыстары, жанкүйерлері әуежайдан күтіп алды. Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғаған Махмұд Сабырханды ауа-райының қолайсыздығына қарамастан жанкүйерлері ерекше құрметпен қарсы алды. Ел мақтанышын күтіп алу салтанатына қала әкімінің орынбасары чемпионға құрмет көрсетіп, жеңісімен құттықтады.
-Қазақстанның әнұраны,көк туы осындай батыр жігіттер чемпион болған кезде көкке көтеріледі. Жеңісті сәттер жастарды жігерлендіреді. Ата-анасымен бірге бүкіл жанкүйер қосыла күтіп алғаны спортшыға күш-жігер береді деп ойлаймын. Алдағы олимпиадаларда да бағы жанып, Махмұд тек жеңіспен орала берсін. Соған бәріміз тілекші болайық,- деді Мақсұт Пернебайұлы
Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Б.Тұманбаев әлем чемпионатында бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы өте үздік өнер көрсеткенін және алдағы Азия ойындарында Махмұд Сабырханнан үміті мол екенін айта өтті.
Қоржынға алтын олжа салған спортшы жарыс жолында қарсыластарының барлығын артқа тастап, ақтық сында Өзбекстандық спортшыны рингте 2 рет нагдаунға жіберіп, айқын басымдылықпен жеңді. Еске сала кетсек, осыдан 2 жыл бұрынғы Белград төріндегі чемпионатта күміс жүлдемен оралып көз жасына ерік берген жерлесіміз келесі жаһан біріншілігінде аянып қалмаймын деп сөз беріп еді Уәдесінде тұрды.
— Аллаға Шүкір, міне еліме Әлем чемпионы болып оралып отырмын. Өте қуаныштымын. Жарыстан алған әсерім керемет. Бұл жеңісті мені шынайы қолдаған бүкіл Қазақ еліне арнаймын,- деді Әлем чемпионы
Ең азулы деген былғары қолғап шеберлері қатысқан биылғы Әлем чемпионаты аса тартысты өтті. Махмұд жаһандық доданың айқас алаңында өзінің талантын әлемге паш етті. Ташкенттегі жекпе-жектің шешуші кезеңінде жерлесіміз Өзбекстандық боксшы Ойбек Жураевқа жеңіске жетуге еш мүмкіндік бермей, қарсыласын тізе бүктірді. Сондай-ақ, бұл жеңіс жеке бапкері Ілияс Оралбековтың қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Айта кетейік, құрама қоржынына екінші алтынды салған спортшы мен оның жеке жаттықтырушысын қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы құттықтап, алдағы Азия және Олимпиада ойындарына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, Әлемдік аренада еліміздің абыройын асқақтатып, туымызды желбіреткен спортшыға 2 бөлмелі пәтер, ал жеке бапкеріне 5 млн теңгенің сертификатын табыстады.
Сондай-ақ, 54 келідегі салмақта қарсыластарын жұдырығымен бағындырған дарабозбен тілдескен едік. Сол сұхбатымызды сіздерге ұсынамыз:
— Махмұд, жалпы әлемнің чемпионы бұл расында да қазақтың талай мен деген азаматтарының рухын көтерді. Әсіресе, әнұранымызды шырқаған кезде көзіне жас алмаған жандардың қатары кемде-кем. Тіпті спортшылардың өзі жылап жатты. Сіздің чемпион болған кезіңіздегі, дәл осы медальді таққан кездегі сезіміңіз қалай болды?
— Иә, біз бұл әлем чемпионатына қанша уақыт дайындалдық. Естеріңізде болса, мен 2021 жылы Сербияда өткен Әлем чемпионатында күміс жүлдемен келген едім. Неге алтын болмай қалды екен деп кішкене өкінген болатынмын. Алла қаласа осы күмісті алтын жүлдеге айырбастаймын деп уәде беріп, мақсат қылдым. Сол жылдан бастап еңбек еттім, міне маңдай терім ақталғанына қуаныштымын. Әлем чемпионатындағы сәтке келер болсақ, Ташкентте өткеннен кейін көршілес елге бүкіл Шымкенттік жанкүйерім көшіп келді десемде болады. Дәл бір өз елімде бокстасып жатқандай сезіндім. Жанкүйерлердің қолдауын сезініп, барымды салдым. Ал, Әнұранға келетін болсақ, ол жерде қысқартылып айтылды. Біздер қазақ жанкүйерлерімен бірге аяғына дейін бар дауыспен айтып шықтық. Сол сәттегі сезімді айтып жеткізе алмаймын, көзіме жас келді. Барлығы үшін өте қатты қуаныштымын, рақмет айтамын. Енді Шымкенттің, Қазақстанның атын әлемдік додаларда шығарамын деген мақсатым бар.
— Махмұд Сабырханның туған жері?
— Осы Шымкент қаласына қарасты Маятас деген ауылда 2001 жылы дүниеге келгенмін.
— Бала кезіңізден бері спортқа қызығасыз ба?
— Менің әкемде спортшы, тек күрес түрінен. Ағам және інім үшеумізге кішкентайымыздан үйде күресуді үйрететін. Бір күні ауылымызда мектеп салынып, ішінен бокс үйірмесі ашылды. Сол үйірмеге барайын деп шешім қабылдап, қатыстым. Сол уақыттан бері 1-2 жарыстарға барып медаль тағып келгеннен кейін боксқа деген қызығушылығым артты. Өзіме мен боксшы боламын, үлкен дәрежеге жетемін деп уәде бердім.
— Иә, ауылдың қара баласы көк туды желбіретті, әнұранды шырқатты. Бұл екінің біріне беріле бермейтін бақ. Бұл бақ сізге бұйырды. Жалпы сізді қолдаушыларға айтар тілегіңіз болса және болашақта арман-мақсаттарыңыз бар ма?
— Барша қазақ еліне жанкүйер болып жатқандарыңызға рақмет айтамын. Бокстасқан кезде мен оның бәрін сезіндім. Мен үшін дүғада екендерін айтып жатыр. Аллаға шүкір, мен өте қуаныштымын. Алла қаласа, сенімдеріңізді ақтаймын. Ендігі, мақсатым олимпиада. Сол олимпиаданың алтын жүлдесін қанжығама байлап қайту.
Спортшының бақыты өз жеңісімен еліміздің қыран бейнелі көк туын желбірету, әнұранын асқақтатып әлемде шырқау. Махмұд Сабырхан осы ғаламат сәтімен Ташкентте аяқталған жаһан біріншілігінде мемлекеттік әнұранымызды шырқатып, көк туымызды аспанға желбіретті. Талай белестері бар рухы мықты жігіттерімізге тек сәттілік тілейміз.