Осы тұста Qazaqstan Live Fest 2023 халықаралық көрмесі өтті. Астана қаласында өтіп жатқан бұл көрме Қазақстанның әр өңіріндегі туризм саласының қалай дамып келе жатқанын көрсетеді. Соның ішінде Шымкент қаласы туристік әлеуеті жыл сайын артып келе жатқан мегаполистер қатарында. Жалпы туристерді қабылдау көрсеткіші бойынша Шымкент қаласы республикада Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан кейінгі үшінші орында.
Көрме аясында Шымкент қаласының «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы, «Amanat» дизайнерлік киімдер бренді, «Dora» және «Graf» қонақ үйлері және «OCA travel» және «ShymTour» туристік-компаниялары шаһардың әлеуетін таныстырды.
Ал, туристердің келуіне басты себеп, Шымкент қаласынан тікелей бағыттағы әуе рейстердің көбеюі әсер етеді. Мегаполисте ішкі және халықаралық, маусымдық тұрақты рейстер жанданады.Шымкент қаласының әкімдігі және FlyArystan әуе компаниясы Шымкенттен ұшатын жолаушылар үшін әуе тасымалының қолжетімділігін арттыруға бағытталған шарттармен таныстырып өтті.
Шымкент әуежайы бюджеттік әуекомпанияның бес хабының бірі болып табылады.
Сондықтан әуекомпания басқа қалалармен авиациялық байланыстың сапасын арттыру мақсатында еліміздің ең шуақты қаласынан көбірек рейстерді ашуды жалғастыруда.
Жазғы кезеңге Шымкенттен Қостанайға, Ақтөбеге, Семейге және Атырауға, сондай-ақ, грузиялық Кутаисиге дейінгі жазғы маусымдық маршруттар қалпына келтіріледі. Сонымен қатар Алматыға, Астанаға, Ақтауға және Шымкент-Дели-Шымкент жаңа бағыты бойынша тұрақты рейстер қазақстандықтарға қолжетімді бағамен мобильді болып қалуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта билеттерді ерте брондау арқылы, екі халықаралық бағытқа – Кутаиси мен Делиге, біржақты билет құны 55 және 70 АҚШ долларынан бастап алуға болады. Тікелей халықаралық рейстерден басқа, Астана арқылы да басқа шетелдік қалаларға жетуге болады. Мәселен, Бакуға аптасына 2 рет, Анкараға аптасына 2 рет.
Сонымен қатар шымкенттіктер Ақтау арқылы Баку, Ереван және Ыстамбұлға сапарларын жоспарлай алады. Бұл рейстер Ақтау арқылы аптасына 1-2 рет орындалады. Осылайша Шымкент қаласына жету әуе жолы бойынша жеңіл болмақ.
Статисикаға көз жүгіртсек, 2019 жылы шаһарға келушілердің саны 249 313 адамды құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 140,1%-ға жоғарылаған.
Өз кезегінде келуші туристердің саны 2020 жылы ғана төмен болды. Оған бүкіл әлемде орын алған Covid-19 әсерінен, қалада карантиндік шектеудің енгізілуімен байланысты.
2022 жылдың 12 айында қалаға келушілер саны 448 797 адамды құрап, 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (316 832 адам) 141,6%-ға ұлғайған.
— ішкі туризм бойынша келушілер саны (резиденттер) 412 268 адам, өткен жылмен салыстырғанда (302 704 адам) 136,2%-ға артып отыр.
— кіру туризмі бойынша келушілер саны (резидент еместер) 36 529 адам, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (14 128 адам) 2,5 есеге ұлғайған.
Шет елден келген туристердің алғашқы ондығы:
- 1. Ресей федерациясы (16 110 адам)
- Өзбекстан Республикасы (6 624 адам)
- Қыргызстан Республикасы (3 682 адам)
- Түркия Республикасы (2 372 адам)
- ҚХР (1 532 адам)
- АҚШ (563 адам)
- БАӘ (381 адам)
- Беларусь Республикасы (368 адам)
- Тәжікстан Республикасы (336 адам)
- Германия (326 адам)
Статистикалық ақпаратқа сәйкес 2022 жылдың 12 айы бойынша орналастыру орындарында 542 773 төсек-тәулік ұсынылып, 2021 жылмен салыстырғанда (436 042) 124,5%-ға артып отыр.
Төсек-орын (бір жолғы сыйымдылық) саны – 5 516 бірлікті құрап, 2021 жылмен салыстырғанда (5 398 бірлік) 102,2%-ға артып отыр.
Орналастыру орындарымен көрсетілген қызмет көлемі 2022 жылдың 12 айында 8 107 632,3 мың теңгені құрап, 2021 жылмен (5 232 079,1 мың теңге) салыстырғанда155%-ға жоғарылаған.
Қонақ үй қызметкерлерінің орташа тізімдік саны –1 072 (ерлер-401, әйелдер-671) құрайды.
Республикалық көрсеткішке сәйкес, қалаға келген туристер саны бойынша Шымкент қаласы 3 орында. Оның ішінде:
— резиденттер (ҚР азаматтары) бойынша 4 орын;
-резиденттер еместер (шет ел азаматтары) бойынша 4 орында.
Бүгінгі күні Шымкент қаласында 142 орналастыру орны, 9 саябақ, 7 мұражай, 25 әлеуметтік-мәдени нысан, 5 театр, 12 сакралды нысан, 11 сауда, ойын-сауық орталығы,5 діни нысан, 18 аквапарк және 4 табиғи су көзі орналасқан. Аталған нысандардың барлығы дерлік қалаға келетін туристерге қызмет көрсетеді.
Qazaqstan Live Fest 2023 халықаралық шарасында туризм және қонақжайлылық мәселелеріне байланысты екі негізгі блоктан тұратын Travelhub Kazakhstan конференциясы өтті. Бұл іс шара Шымкент қаласының еліміздегі ірі туристік орталықтардың бірі ретінде қалыптасуына септігін тигізіп, кең мүмкіндіктерге жол ашады.
Айта кетейік, үшінші мегаполисте биыл 12 жаңа туристік нысан ашылады деп күтілуде.