Республикалық көрсеткішке сәйкес, қалаға келген туристер саны бойынша Шымкент қаласы 3 орында. Жыл санап келушілер саны арта түскен шымшаһарға былтыр 450 мыңға жуық адам саяхаттаған. Шымкентте туризмді дамыту мақсатында қаладағы инфрақұрылымдарға жұмыстар жүргізіліп жатыр. Яғни сырттан турист келгенде қандай жерлерге барады? Осы мәселеге алдымен көңіл бөлінуде. Мегаполисте жүзге жуық туристік нысан бар. Туризм басқармасының өкілдері ең маңыздыларына тоқталып өтті.
Қалада туристерді жайғастыратын 100ден аса орналастыру орны бар. Оның жартысы – қонақүйлер. Айта кетейік, Шымкент бір күнде 5 мыңға жуық саяхатшыны қабылдай алады. Оның Халықаралық стандартқа сәйкес бес жұлдызды «Риксос Хадиша» қонақүйін айрықша атап өтуге болады. Одан бөлек «Қайнар» қонақүйі де қазақстандық стандарт бойынша бес жұлдызды қонақүй санатына жатады. Сондай-ақ төрт, үш, екі жұлдызды және санаты жоқ қонақүйлер де бар.