Қазақстан-Венгрия бизнес-форумында өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, технология тарту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Экономиканы әртараптандыру, шетелдік инвестиция тарту және отандық өндірістің әлеуетін арттыру – Қазақстанның экономикалық саясатының басым бағыттары. Осы міндеттерді іске асыру аясында Шымкентте Қазақстан мен Венгрия кәсіпкерлерінің қатысуымен бизнес-форум өтіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайтудың жаңа мүмкіндіктері қарастырылды.
Іскерлік жиын Шымкент пен Венгрияның Дебрецен қаласы арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Форумға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, Дебрецен қаласының әкімі Ласло Папп бастаған ресми және іскерлік делегация, мемлекеттік органдар мен даму институттарының, қалалық Кәсіпкерлер палатасының өкілдері, сондай-ақ қазақстандық және венгриялық компаниялардың басшылары қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасына инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту, жаңа өндірістер ашу және халықаралық экономикалық байланыстарды кеңейту міндеттерін жүйелі түрде көтеріп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірлердің өндірістік мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға, жаңа жұмыс орындарын құруға және заманауи технологияларды өндіріске енгізуге жол ашады.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан мен Венгрия кәсіпкерлерінің басын қосқан форум Шымкенттің инвестициялық әлеуетін таныстырып қана қоймай, нақты іскерлік жобаларды талқылауға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.
Форум барысында қатысушыларға мегаполистің өнеркәсіптік мүмкіндіктері, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу тетіктері және кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау шаралары таныстырылды. Сонымен қатар Дебрецен қаласының инвестициялық әлеуеті мен екіжақты ынтымақтастықтың перспективалары сөз болды.
Венгрия делегациясының құрамында инфрақұрылымдық құрылыс, металл өңдеу, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпке қажетті бөлшектер өндіру, сондай-ақ инженерлік жобалау салаларында жұмыс істейтін компаниялардың өкілдері бар. Бұл бағыттар Шымкенттің өндірістік әлеуетімен ұштасып, өзара тиімді әріптестік орнатуға мүмкіндік береді.
Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ермек Тұрмановтың айтуынша, форумның негізгі мақсаты – шетелдік серіктестерге қаланың экономикалық мүмкіндіктерін таныстырып, кәсіпкерлер арасындағы тікелей байланысты нығайту.
«Бүгін біз Қазақстан-Венгрия форумын өткізіп отырмыз. Оның мақсаты – Венгрия делегациясы мен бизнес өкілдерін Шымкенттің инвестициялық мүмкіндіктері және қаламыздың әлеуетімен таныстыру, сондай-ақ екі елдің бизнес-қоғамдастықтары арасындағы іскерлік байланыстарды дамыту», – деді Ермек Тұрманов.
Қала экономикасындағы инвестициялық белсенділік те осы бағыттағы жұмыстың ауқымын көрсетеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Шымкентке 559 млрд теңге инвестиция тартылған. Ал биылғы жылдың алғашқы сегіз айында бұл көрсеткіш 500 млрд теңгеге жетті. Жыл қорытындысында инвестиция көлемін тағы 10 пайызға арттыру жоспарланып отыр.
Мегаполисте халықаралық компаниялардың қатысуымен бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Олардың қатарында Coca-Cola және Samsung компанияларымен байланысты жобалар, сондай-ақ агроөнеркәсіп пен экология саласындағы бастамалар бар. Мұндай әріптестік өндірісті жаңғыртуға, технологиялық тәжірибе алмасуға және жергілікті кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Бизнес-форумның іскерлік бағдарламасында кәсіпкерлер арасындағы тікелей келіссөздерге ерекше мән берілді. B2B форматында өткен кездесулер барысында компания өкілдері құрал-жабдықтар мен өнім жеткізу, технологиялық серіктестік орнату және бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндіктерін талқылады. Әсіресе өнеркәсіп, құрылыс материалдарын өндіру және тамақ өнеркәсібі бағыттарындағы ұсыныстарға назар аударылды. Мұндай кездесулер кәсіпкерлерге өзара мүдделерді нақтылап, ықтимал серіктестерді анықтауға және болашақ жобалардың негізін қалауға мүмкіндік береді.
Халықаралық экономикалық байланыстарды дамытудың тиімділігі тек инвестиция көлемімен өлшенбейді. Жаңа технологиялардың келуі, жергілікті мамандардың кәсіби біліктілігінің артуы, өндіріс орындарының ашылуы және отандық өнімнің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігінің күшеюі де маңызды нәтиже саналады. Сондықтан Шымкент үшін шетелдік компаниялармен ынтымақтастықты кеңейту инвестиция тартумен қатар, экономиканың жаңа бағыттарын қалыптастыруға және өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Венгрия делегациясының сапары аясында Дебрецен қаласының өкілдері мен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің кездесуі жоспарланған. Кездесу барысында екі қаланың арасында бауырластық байланыс орнату туралы меморандумға қол қою көзделген.
Құжатта сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары айқындалмақ. Бұл екі қаланың іскерлік және қоғамдық байланыстарын ұзақ мерзімді негізде дамытуға жол ашады.
Сонымен қатар венгриялық делегация Шымкенттегі кәсіпорындарды аралап, жергілікті өндіріс орындарының мүмкіндіктерімен, өнеркәсіптік инфрақұрылыммен және жаңа жобаларды іске асыруға арналған перспективалы алаңдармен танысады.
Жалпы, Қазақстан-Венгрия бизнес-форумы Шымкенттің халықаралық экономикалық байланыстарын кеңейтуге және қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған маңызды бастама. Егер форум аясындағы келіссөздер нақты жобаларға ұласып, өзара тиімді келісімдер жүзеге асса, бұл жаңа өндірістер ашуға, жұмыс орындарын көбейтуге және мегаполистің экономикалық әлеуетін одан әрі нығайтуға ықпал етеді.
Ең бастысы, инвестиция тарту жұмыстары нақты экономикалық нәтижемен өлшенуі тиіс. Ал халықаралық әріптестіктің берік орнауы Шымкенттің өңірлік өндіріс және іскерлік байланыстар орталығы ретіндегі мүмкіндіктерін кеңейте түседі.
Дебрецен қаласының әкімі Ласло Папп бастаған Венгрияның ресми делегация мүшелері тек экономиклық тұрғыда байланысты нығайтып ғана қоймай, мегаполиске жасаған іс-сапары аясында Дендрологиялық саябаққа барып көшет отырғызды. Нәтижесінде саябақтың Құрметті қонақтар аллеясы 10 шынар ағашымен толықты.
– Бұл – менің Қазақстанға жасаған алғашқы сапарым. Бұл қала бірден менің назарымды аударды, себебі Дебрецен мен Шымкенттің арасында көптеген ұқсастықтар бар екенін байқадық. Венгрия мен Қазақстан арасында тарихи байланыстар ежелден қалыптасқан, өйткені халықтарымыздың ортақ тамыры бар. Шымкентке келудегі басты мақсатымыз – екі ел арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ, халықтарымыз бен қалаларымыз арасында экономикалық, мәдени, достық және адами қарым-қатынастарды дамыту, – деді Дебрецен қаласының әкімі іс-шара барысында.
Венгрия делегациясының басшысы мегаполисте қысқа уақыт болғанына қарамастан, екі қаланың экономикалық, мәдени және тарихи бағыттарда көптеген ортақ тұстары бар екеніне көз жеткізгенін айтты. Оның сөзінше, Дебрецен – Венгриядағы көлемі жағынан екінші қала. Қала туризм мен экономиканы белсенді дамытып келеді және тек Шымкентпен ғана емес, Қазақстанның басқа да өңірлерімен ынтымақтастық орнатуға дайын.
Шымкент қаласының Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан Әділхановтың айтуынша, шетелдік делегацияның сапары – екі қаланы жақындастыру бағытында атқарылған ауқымды жұмыстың негізгі нәтижесі.
– Шетелдік қонақтар мегаполиске ең алдымен ресми бауырлас қала байланыстарын орнату мақсатында келді. Бұл орайда біз тиісті меморандумға қол қоямыз. Бұл құжат алдағы ынтымақтастықтың берік құқықтық негізін қалыптастырады. Сонымен қатар, осы сапар аясында венгриялық кәсіпкерлердің қатысуымен бизнес-форум ұйымдастырылды. Онда нақты келіссөздер жүргізіліп, бірлескен жұмыс бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді, – деді Бексұлтан Әділханов.
Басқарма басшысы екі елдің географиялық ерекшеліктерін ескере отырып, туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын да атап өтті.












