Шымкентте денсаулық сақтау саласында ілкімді істер баршылық. Яғни, соңғы үлгідегі құрал жабдықтар, заман талабына сай медициналық мекемелер және ең бастысы білікті дәрігерлер. Атқарылған жұмыстармен етене танысу мақсатында өткен аптада үшінші мегаполиске жұмыс сапарымен Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев келді. Бірінші вице-министр қаладағы бірқатар медицина ұйымдарын аралап, жұмыстарымен танысты.
Алдымен қалалық онкологиялық орталығында ашылған ядролық медицина орталығында болды. Заманауи технологиялық аппараттар қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтап, науқастарға шұғыл, сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Соңғы 4 жылда онкологиялық орталықта 2 мыңға жуық науқасқа түрлі деңгейдегі эндоваскулярлы оталар жасалынды. Кіші инвазивті операциялардың науқас өмірін сақтауда маңызы зор.
Күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай жаңғыртылған N2 қалалық ауруханасында болған Тимур Сламжанұлы қабылдау бөлімі, сәулелі диагностика, ангиография кабинеті мен инсульт бөлімшесінің жұмыстарын тексерді. Ауруханадағы КТ кабинеттері мен жансақтау бөлімдері соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған.
Сондай-ақ вице-министр бастаған делагия бір мезетте 500 адамды қабылдай алатын N1 қалалық емханасындағы тіркеу орнын мен егу, күндізгі стационар мен процедуралық кабинеттерді аралап, жергілікті дәрігерлермен пікір алмасты.
Жалпы, қалада медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, қызмет сапасын жақсарту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Денсаулық сақтау ұйымдарына бекітілген талапқа сай әр емханаға 30 мың тұрғыннан бөлінуі тиіс.
Қаладағы 45 емхананың әрқайсысының орташа есеппен қамту көрсеткіші 26 мың тұрғынды құрайды. Алдағы уақытта жұмыс сапасын арттыру үшін бұл көрсеткішті 24 мың тұрғынға азайту көзделген.
Жоспар бойынша 2025 жылға дейін қалада 6 емхананың қажеттілігі туындайды. Нысандар құрылысына инвестиция тарту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, республикалық бюджет есебінен 2025 жылға дейін 200 төсек-орынды перзентхана салынады.
Бұл №1 перинаталдық орталықтың жүктемесін азайтып, сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Орталықтың іргетасы Ақжайық шағынауданында қаланады.