Өткен жылы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен Қазақстанның инвестициялық саясатының 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы қаралып, бекіткен болатын.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, Дүниежүзілік банктің қатысуымен Қазақстанның инвестициялық саясатының 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасын әзірледі.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Т. Жақсылықовтың айтуынша, 2026 жылы негізгі капиталға инвестициялар деңгейін ЖІӨ-нің 25,1%-ына дейін жеткізу және тікелей шетелдік инвестициялар көлемін $25,5 млрд-қа дейін ұлғайту – Тұжырымдама жобасында көзделген негізгі нысаналы индикаторлар.
Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Тұжырымдама жобасы инвестициялар құрылымын қосылған құны жоғары тауарларды өндіруді бәсекеге қабілетті болатындай етіп өзгертуге мүмкіндік беретін жаңа трендтерді ескере отырып, инвестициялар тарту саясатын қайта қарау жөніндегі шаралар кешенін көздейді.
Елдің одан әрі инвестициялық дамуы барлық инвестициялар үшін, әсіресе еңбек өнімділігі мен экспортқа бағдарланған инвестициялар үшін тиісті орта құрумен байланысты. Осыған байланысты Тұжырымдама жобасы негізгі үш бағыт бойынша құрылымдалған жүйелі сипаттағы 45 нақты іс-шарадан тұратын іс-қимыл жоспарын қамтиды.
Бірінші. Ашық және болжамды инвестициялық саясатты қалыптастыруға бағытталатын инвестициялық экожүйені одан әрі дамыту. Осы бағыт аясында құқықтық режимді жетілдіру, сот төрелігіне сенім мен ақпаратқа қол жеткізуді жақсарту, ведомствоаралық үйлестіруді нығайту, сондай-ақ жобалар мен өндірушілерді ілгерілетудің цифрлық құралдарын жасау арқылы инвесторлар үшін институционалдық орта мен инфрақұрылым жетілдірілетін болады.
Екінші. Нарықтарға қолжетімділікті жақсарту және компаниялардың қалыптасуы үшін тұрақты және ауыртпалық салынбайтын жағдайлар жасауды көздейтін жеке сектордың инвестициялық белсенділігінің өсуіне жәрдемдесу. Екінші бағыт бойынша іс-шаралар:
– банктерді, мемлекет қатысатын қорларды, квазимемлекеттік сектор компанияларын және т.б. қоса алғанда, стратегиялық және бөлшек инвесторлар тарапынан қаржыландыруды, оның ішінде әріптестік қаржыландыруды тарту;
– қазақстандық қор нарығын капиталдың халықаралық нарықтарына интеграциялау мен ілгерілетуді және сыртқы портфельдік инвестицияларды тарту;
– мемлекеттік-жекешелік әріптестіктегі тәсілдерді кешенді реформалау;
– жауапты инвестициялау қағидаттарын қолданудың өсіп келе жатқан үрдісінің маңыздылығын ескере отырып, орнықты даму жобаларына инвестициялар тартуды ынталандыру.
Үшінші. Экономиканың инвестициялық әлеуетін ашу. Бұл бағытта мынадай іс-шараларды іске асыру көзделген:
– тиімсіз меншік иелерін ауыстыра отырып, дәрменсіз кәсіпорындардың нарықтан жедел шығуы үшін банкроттық рәсімдерін оңайлатуға;
– капиталдар ел экономикасына қайтарылған жағдайда оларға рақымшылық жасау;
– қазақстандық компанияларды шетелдік юрисдикциялар мен офшорлық аймақтардан АХҚО юрисдикциясына ауыстыру (редомициляция) және т. б.
Инвесторларды тартуда Шымкент қаласының әкімдігі тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Өткен аптада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Қазақстан Корейлер Қауымдастығының өкілдерін қабылдады. Кездесу барысында Корея Республикасы мен Шымкент қаласы арасындағы өзара ынтымақтастық, мәдени және этносаралық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды.
Бүгінгі таңда үшінші мегаполисте 6618 корей тұрады. Екі елдің дипломатиялық қатынастары нәтижесінде Шымкент пен Корея арасындағы тауар айналымы жылдан жылға артып келеді. Былтыр тауар айналым көрсеткіші 45466,18 мың АҚШ долларын құрады. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 188% — ға жоғары.
Қазір елімізде Samsung, Hyundai, Lotte, Posco, KNOC және басқа да жетекші корпорацияларды қоса алғанда, корей капиталы бар 550-ден астам кәсіпорын жұмыс істеуде.
Алдағы уақытта қос тарап сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды күшейтуге уағдаласты.
Президенттің тапсырмасы бойынша биыл сәуір айында елімізде іске асырылып жатқан барлық инвестициялық жобалардың бірыңғай пулы қалыптастырылды. Аталған пул тоқсан сайынғы негізде жаңартылып, министрліктер мен әкімдіктердің сайттарында жарияланды.
Көптеген жобаларды іске асыру 2025-2026 жылдарға дейінгі кезеңдерді қамтиды.
Айта кетейік, былтыр маусым айында өткен Үкімет отырысында Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов 2022 жылдың 5 айында қала экономикасына 131,1 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 29%-ға ұлғайғандығын, жыл соңына дейін 538 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отырғандығын және 2021 жылмен салыстырғанда 16%-ға артатындығын баяндаған болатын.
«Жалпы, 2022-2025 жылдары қалада жүзеге асырылатын құны 2,6 трлн теңгені құрайтын 242 инвестициялық жобалар пулы қалыптастырылды. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі саласында құны 550 млрд теңгені құрайтын 45 жоба іске асырылады», — деді Мұрат Әйтенов.
Қала әкімі ірі жобаларға тоқталды. Бірінші, «KAZALPACK» компаниясы осы жылы құны 23,4 млрд теңгені құрайтын алюмин банкілерінің өндірісі жобасын іске қосып, 150 жаңа жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ бұл кәсіпорын 2023-2025 жылдары алюмин тақталары мен листтер өндірісі жобасын іске асырады. Инвестиция көлемі 40 млрд теңге, 350 жаңа жұмыс орны құрылады.
Екінші, «Karlskrona» компаниясы құны 26 млрд теңгені құрайтын гидравликалық насостар өндірісі жобасын жүзеге асырады. Онда 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Үшінші, Өзбекстандық инвестордың қатысуымен «Orient Ceramic» компаниясы құны 13 млрд теңгеге керамикалық тақталар өндірісі жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. 300-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады.
Төртінші, 1 000 орындық көпфункционалды университеттік клиника мен заманауи емхана жобасын іске асыру көзделген. Инвестиция көлемі 120 млрд теңге. 3 мыңға жуық жұмыс орны құрылатын болады. Қазіргі таңда жобалау жұмыстары аяқталып, сараптамадан өтуде.
Бесінші, «Asia Trafo» компаниясының құны 7 млрд теңгені құрайтын трансформатор өндірісі. Жоба аясында Орталық Азияда теңдесі жоқ жоғары кернеулі реакторлар шығарылады.
Шымкент қаласының әкімі биыл өңдеу өнеркәсібі саласында құны 83 млрд теңгеге 25 жоба іске асырылатынын атап өтті. Нәтижесінде, 2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады.
Бүгінгі күні қалада жалпы аумағы 743 га құрайтын 4 индустриялық аймақта 185,3 млрд теңгеге 130 жоба іске асырылып, 8 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Аймақтардың толымдылығы 90%-дан асты.
«Қала экономикасының қарқынды дамуына және инвесторлар тарапынан сұраныстың артуына байланысты жаңадан 4 өндірістік алаң ашу жұмыстары басталды», — деді Мұрат Әйтенов.
Бірінші, «Жұлдыз» индустриялық аймағы. Аумағы 306 га. Бүгінгі күні инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізілуде. Бұл аймақта 200 млрд теңгеге 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске асырылады. 5 мыңға жуық адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылады. Бүгінгі таңда, 17 жобаға жер телімдері беріліп, инвесторлар жұмыстарын бастап кетті.
Екінші, «Бозарық» агро-индустриялық аймағы. Аумағы 132 га. Басты бағыты – ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу. Инфрақұрылым құрылысы жүргізілуде. Аймақта 23 млрд теңгеге 21 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Бүгінгі таңда 7 млрд теңгеге 6 жобаны іске асыруға жер телімдері ұсынылды.
Үшінші, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын кеңейту. Қазіргі таңда «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын кеңейту бойынша қосымша 175 га жер учаскесі анықталды. Бұл аймақта құны 150 млрд теңгеге 30-дан астам ірі жобаны жүзеге асырып, 3 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.
Төртінші, «Стандарт» жеке меншік индустриялық аймағы. Аумағы 119 га құрайды. Бұл аймақтың ерекшелігі – инвестор өз қаражаты есебінен 176 мың шаршы метр дайын өндірістік алаңдарын салып, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне ұсынады. Кәсіпкерлерге қаржы институттары мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау көрсетіледі. Бүгінгі таңда аумақтың құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
«Шымкент қаласының әкімдігі, 2025 жылға дейінгі инвестиция тарту жоспарына сәйкес жұмыстар жүргізуде. Біздің жоспарымыз бүгінгі Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігімен ұсынылған 2026 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасына сәйкес келеді», — деді қала әкімі.