Республикалық суретшілер байқауы мәресіне жетті. Үшінші мегаполисте өткен сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген қылқалам шеберлері қатысып, бақтарын сынаған болатын. Бүгінде, аталған байқау қорытындысына орай, мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып , жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті. «Қырық ертегі-қырық кейіпкер» атауымен өткен суретшілер сайысы Алматы, Орал, Кентау, Жетісай мен Шымкент қалаларының жас өнерпаздарын жинады. Мектеп оқушылары қазақ ертегілерінің желісі бойынша түрлі кейіпкерлерді бейнелеп, өздерінің туындыларын көпшілікке ұсынды. Бүгінде, сайыс өз мәресіне жетіп, салтанатты түрде мараппаттау рәсімі ұйымдастырылды. Концерттік бағдарлама аясында, қала тұрғындары мен қонақтарына қуыршақтар театрының шеруі мен театрландырылған көріністер көрсетіліп, ән-биден шашу шашылды.
Айта кетсек, суретшілер байқауы «Шымкент қаласы қуыршақтар театрына 40 жыл толуы мен 27 наурыз Халықаралық театр мерекесі қарсаңына орай қолға алынып отыр. Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндағы басты мақсат — еліміздегі талантты жастардың шығармашылық қабілеттерін шыңдап дамытуға, сондай-ақ, дарынды жастарды анықтауға ықпал ету болып отыр.
Байқау қорытындысына сәйкес, әділ қазылардың шешімімен 1 орынды Алматы қаласы Әбілхан Қастеев атындағы өнер және дизайн мектебінің оқушылары иемденді. Ал екінші орын Шымкент қаласындағы балалар көркемсурет мектебінің балаларына бұйырса, жүлделі үшінші орын жеңімпаздары Кентау қаласынан келген балалар көркемсурет мектебінің оқушылары атанды. Жеңімпаздарға түрлі дәрежедегі сертификаттар табысталып, бағалы сыйлықтар берілді. Жеңімпаздардың жұмыстары алдағы уақытта ашылатын мұражайдың қорында сақталатын болады.