Көктемгі Наурыз мейрамы қарсаңында Шымкенттегі Бозарық ауданында жаңа ипподромның ресми ашылуы өтті. Іс-шара ауқымды Great Qazaq Games ұлттық ойындарына ұласты. Жаңа нысанның ашылу салтанаты «Наурыз Шымкенттен басталады» атты мерекелік шараның аясында өтті. Ашылу салтанаты әр өңірдің салт-дәстүрін насихаттайтын Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің керуенін күтіп алудан басталады. Бұл керуендердің құрамында әр өңірді белгілі өнерпаздары мен спортшылары болды.
Салтанатты шараның алғашқы күнінде-ақ ипподром 4000-ға жуық адамды қызықтырған орталыққа айналды. Great Qazaq Games ұлттық ойынына 17 облыс пен республикалық 3 ірі қаладан қонақтар қатысты. Сонымен қатар іс-шараға Қырғызстан, Өзбекстан және Әзірбайжаннан да спортшылары келді.
Фестиваль 22 наурызға дейін ұлттық спорт түрлері, ұлттық тағамдар, ұлттық киімдер, ұлттық шығармашылық секілді төрт номинация бойынша байқау форматында өтеді. Ойындардың жүлде қоры 100 000 000 теңгені құрайды.
Іс-шара барысында барлық келген қонақтар үшін ипподром жанынан сауда алаңдары, ұлттық тағамдары бар мекемелер, әртістер мен сәнгерлерге арналған сахналар, балалар мен ересектерге арналған ойын-сауық алаңдары, сондай-ақ шеберлік сағаттары, қолөнершілердің көрмелері мен жәрмеңке өткізілетін 160 киіз үйден тұратын этникалық ауыл ашылды.
Great Qazaq Games бірегей жобасы Мәдениет және спорт министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Шымкент қаласы әкімдігі мен құрылыс компаниясының қолдауымен жүзеге асты.
Наурыз Шымкенттен басталады атты шарада алдымен Батыс керуенін елімізге белгілі әнші Т.Асар, Шығыс керуенін дәстүрлі әнші А.Балажанова, Солтүстік керуенін танымал эстрада әншісі М. Садуақасова, Оңтүстіктің керуенін жергілікті дәстүрлі әнші Н. Серікбаева бастап шықты.
Қала әкімі М.Әйтенов осынау үлкен кешенді өз қаржысының есебінен салып, Шымкент қаласына тарту еткені үшін BI GROUP компаниясының басшылығына алғысын айтты.
— Бүгін ел игілігіне тапсырылып отырған жаңа ипподром қаламызда ғана емес, еліміздің ат спорты индустриясының дамуына жол ашады деп нық сеніммен айта аламыз. Осы орайда жаңа ипподромды қаламызға сый ретінде тарту еткен BI Group компаниясына Шымкент тұрғындарының атынан алғыс білдіреміз, — деді әкім.
20 айда бой көтерген жаңа ипподром – Қазақстандағы ең үлкен ипподром.
BI Group Директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев:
Осы өңірдің балаларына жақсы, заманауи жағдайда кедергілерді атпен қарғып өтумен айналысуға мүмкіндік беретін бұл жобаны жүзеге асыру біз үшін үлкен мәртебе болды. Нысанды уақытында тапсыру үшін тәулік бойы жұмыс істеген құрылыс бригадасы қыруар жұмыс атқарды. Компания уәде еткендей, біз бұл ипподромды Шымкент қаласына сыйлық ретінде өз қаражатымызға салдық. Жаңа ипподромның салынуымен ат спортының болашағы зор боларына сенімдімін!
Ата-аналар мен олимпиадалық резервтегі ат спорты мектебінің өкілдері де компанияға жаңа ипподромда жаттығу жасауға мүмкіндік бергендері үшін, сондай-ақ Шымкент пен Түркістан облысының командасын оқу-жаттығу жиындарына жіберуге демеушілік көрсеткені үшін алғыс білдірді. Осы қолдаудың арқасында спортшылар Қазақстан-2022 жаһандық туры аясында 7 жүлделі орынды және «Almaty Horse & Polo Club кубогы» аясында 3 жүлделі орынды иеленді. Естеріңізге сала кетейік, қоғам қайраткерлері мен спортшылар ескі ипподром инфрақұрылымының ескіруіне және жарамсыздығына байланысты ат спорты үшін заманауи орын қажет екенін бірнеше рет атап өткен болатын.
39 гектарды алып жатқан жаңа атшабар еліміздегі ең үлкен бәйге алаңына айналмақ. Барлық халықаралық талаптарға сай бой көтерген нысанның пайда болуы қаламызда ғана емес,еліміздің ат спорты индустриясының дамуына жол ашады. Ипподром 1500 көрерменге арналған, сондай-ақ аумағында ат аренасы бар манеждер, жабық стенд ғимараты, ветеринарлық блок, 300 ден астам көлікке арналған тұрақ қарастырылған. Трибунаның жоғары қабатында ашық терраса бар. Ұзындығы 2012 метр жарыс жолы салынған. Көкпарға, атпен секіруге арналған алаңдар кварцты құмдармен, табиғи тастармен безендірілген. Айта кетейік, Әлемдік стандарттарға сай салынған жаңа иипподром мегаполистегі халықаралық спорт және ойын-сауық жарыстары өтетін басты локация болмақ.
Үшінші мегаполистегі атшабар туристердің қатарын арттыратын бірден-бір нысан болмақ. Себебі, мұнда заман талабына сай барлық жағдайлар халық үшн ыңғайластырып жасалынған.