Бүгінде Шымкент қаласының медицина саласы оқ бойы озып жақын шетелден келіп емделушілер саны да тәжірибесін пайдалантын елдердің де қатары өсіп медицина туризмін дамытуда үлесі мол. Бүгінгі таңда медициналық туризм туризмнің ең танымал түрлерінің бірі болып табылады. Әлемнің түкпір-түкпірінен емделушілер сапалы медициналық көмек пен жағымды демалысты ұштастыра отырып, шетелге емделуге барады. Медицинаның сан саласы дамып келе жатқан Шымшаһарға өткен аптада көрші елдің ақхалаттылары да тәжірибе алмасу мақсатында арнайы келді.
Яғни, өзбекстандық дәрігерлер тәжірибе алмасу мақсатында оңалту орталықтарында болды. Көрші елдің мамандандырылған терапия және оңалту ғылыми-тәжірибелік медициналық орталығының мамандары жергілікті оңалту орталықтарының жұмыстарымен танысты.
Өзбекстандық дәрігерлер орталықтардың жұмысымен танысқан соң, екі жақты меморандумға қол қойды. Екі елдің мамандары бұндай ынтымақтастық өзара кәсіби және гуманитарлық байланыс ара қатынасты тек нығайтып қоймай, медициналық туризмге де жол ашып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретінін айтты.
Жалпы қаладағы №1 және №2 оңалту орталықтарында 18 жасқа дейінгі балаларға бастапқы медициналық қалпына келтіру және оңалту емдері жүргізіледі. Бұл мекемелерде мультитәртіпті команда жұмыс істейді.
Реабилитологтар, дене шынықтыру нұсқаушылары, эрготерапевттер, психологтар, логопедтер, дефектологтар, әлеуметтік және түзету педагогтері, ойын және музыка терапевттері, монтессори-терапия мамандары кешенді ем шараларын жүргізеді.