Шымкентте қамқоршылар күніне орай мерекелік шара өтті. Салтанатты жиында «Жетім көрсең, жебей жүр» деген нақылды өмірлік ұстанымына айналдырған аналарға сый-құрмет көрсетілді. Сондай-ақ 115 балаға демеушілер есебінен қыстық киім табысталды.
Бүгінгі таңда Шымкентте жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 745 бала бар. Оларға мемлекет есебінен әр ай сайын жәрдемақы төленеді. «Қамқоршылар күніне» орайластырылған жиында 6 және 14 жасқа диінгі жеткіншектерге қыстық киім беріліп, мерекелік шара өткізілді. Салтанатты шараға шаһар басшысының бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып, ақжарма тілегін арнады.
Бес баланы бауырына басып,қамқорлық көрсетіп отырған Светлана Темірбекова құрметке лайық жан. Бүгінде ана үш қыз екі ұлды тәрбиелеп отыр. Балаларының үлкені 16 жасқа келсе ең кішісі 7 жаста. Ол мерекеде марапатталып, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Алқалы жиынға білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева да қатысты. Ол бала тәрбиелеп жатқан бірқатар абзал аналар мен демеушілік танытып жүрген қайырымды жандарды марапаттап, өз тілегін арнады. Мерекелік жиын соңы өнерпаз жастардың салтанатты коцертіне ұласып, әннен шашу шашылып, мың бұралған бүлдіршіндер өз өнерлерін ортаға салды.