Шымкентте онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтауға арналған ядролық медицина орталығы ашылды. Аталмыш мекеменің мамандары жоғары технологиялық аппараттардың көмегімен қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға дер кезінде көмек көрсетеді. Ондағы соңғы үлгідегі құрал жабдық –дертті асқындырмай, емді ерте бастауға мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда шаһар басшысының өзі орталыққа арнайы барып танысып шықты.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде іске асқан жоба «МедИнвестГрупп Казахстан» ЖШС-гінің қолдауымен ашылуда. Жоба бойынша радиофармпрепараттардың кеңейтілген желісін және онкологиялық ауруларды емдеуге арналған жоғары дәлдіктегі радиология орталығын пайдалана отырып, радионуклидтік диагностика орталығын құру көзделіп отыр. Жобаның мерзімі-10 жылды құрайды. Есесіне, Инвестициялық және операциялық шығындардың өтемақысы жоқ.
Жаңадан ашылған орталықта онкологиялық ауруларды ерте анықтап, диагностикалауға бағытталған. Орталықта медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде барлық қазақстандықтарға тегін және қолжетімді зерттеулер жүргізіледі.
Бұл құрал жабдықты орнату арқылы қатерлі аурулар бойынша өлім жітім көрсеткішін едеуір азайтуға мүмкіндік береді.
Бүгінгі күнге дейін диагностикадан өту үшін науқастар 2-3 ай уақыт кезек күтіп, Нұр-сұлтан, Алматы қалаларына баруына тура келетін. Ал аталған құрал жабдықты орналастырғаннан кейін диагностиканы қажет ететін пациенттер өзге қалаға сабылмай-ақ Шымкент қаласындағы онколиялық орталыққа барып, қажетті тексеруден өте алады.
Айта кетейік, түрік компаниясының жобасы бойынша орталықтың қаражаты 6 млрд теңгеден асады, мемлекеттік бюджет есебінен қосымша қаржы бөлінбеген. Бұл ретте Инвестор өз қаражаты есебінен жабдықтарды сатып алып, нысанды жалға алу арқылы халыққа тегін медициналық қызмет көрсететін болады.