Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Нұрдәулет Құрбанбекұлы басқарма тарапынан 2022 жылдың 9 айында атқарған жұмыстары туралы брифингте баяндады.
– Бүгінгі күні қала аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің саны — 2 236. Басқару нысанын тіркеуге жататын тұрғын үйлер — 1 823, қала бойынша мүліктің меншік иелері бірлестіктері (МИБ) — 124, жай серіктестік (ЖС) — 1 699, басқару нысанын жалпы тіркелген — 1 823. Қала бойынша тіркелген басқару объектілері 100%-ды құрайды, — деді спикер.
Спикердің мәлімдеуінше, тұрғын үй коммуналдық саласының қызметін оңтайландыру және тұрғын үй қорын сақтау мақсатында Шымкент қаласы бойынша бекітілген Заң талаптарына сәйкес, кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстардың ең төмен мөлшері 27,3 теңге болып бекітілген.
Қазіргі қолданыстағы ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңына сәйкес Үй-жайлар (пәтерлер) меншік иелерінің кооперативтері, пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің тұтыну кооперативтері, тұтыну кооперативтері үшін 2023 жылғы 1 шілдеге дейін өз қолданысын сақтайды.
Сонымен қатар, ҚР Индустрия және инфрақұрылым даму министрлігінің тапсырмасына сәйкес, Республикалық «Е-Шаңырақ» ақпараттық жүйесіне көппәтерлі тұрғын үйлердің техникалық паспорттарының деректерін енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Нұрдәулет Құрбанбекұлы, брифинг барысында қаладағы лифт мәселесіне де тоқталды.
– Қаладағы жалпы лифтілер саны — 685. Оның ішінде: тұрғын үйлерде орнатылған лифтілер — 561, денсаулық сақтау мекемелерінде — 51, білім беру басқармасына қарасты мектептерде — 23, қоғамдық орындар мен сауда орталықтарында және қонақ үйлерде — 50.
Айта кетейік, ҚР «Азаматтық қорғау» Заңының талаптарын орындалуын қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан сексен сегіз лифтіге комиссиялық сынақтар өткізіліп, он тоғыз лифт тіркеуге қойылды. Қазіргі уақытта жүк көтергіш құралдырын тіркеу бойынша мемлекеттік қызмет реестріне енгізіліп электронды түрде «Egov.kz» порталына қосылған. Осы құралдарды пайдаланудағы қызмет көрсетуші мекемелермен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздік шараларының алдын алу мақсатында және лифтілерге қызмет көрсетуші мекемелердің қызметінің жауапкершілігін арттыру үшін « iKomek 109» бірыңғай байланыс орталығымен интеграцияланған.
Сондай-ақ, спикердің мәлімдеуінше, қауіпсіздік шарасын сақтамаудың салдарынан болатын төтенше жағдайдың бірі – жылыту маусымындағы газ жүйесі. Шымкент қаласында қазанның 20-нан бастап жылу беру жұмысы басталып кетті. Осы орайда қараша халықтың амандығы жауапты сала мамандарының жіті назарында. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Нұрдәулет Құрбанбекұлы жылыту маусымында газ қолдануға қатысты оқыс оқиғалардың алдын алу жұмыстары тұрақты назарға алынып, профилактикалық шаралардың басталғанын айтады. Аталған профилактикалық жұмыстың мақсаты – қала тұрғындарының өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі үшін газдың салдарынан орын алатын оқыс оқиғалардың алдын алу және жауапкершілікті арттыру. Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің сайтында Шымкент қаласында тіркелген 29 компания үй ішілік газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетуге тиісті аттестат алған. Талдау жұмыстарының нәтижесінде бүгінгі таңда шаһарда 13 компания қызмет атқаратындығы белгілі болды. Ал, түтіндік мұржаларын және желдеткіш арналарын тазалайтын 7 мекеме бар. Үй ішілік газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетуге тиісті шарт жасалуын цифрландыру мақсатында, «I-Shymkent» порталына 13 компанияның тиісті мәліметтері енгізіліп, іске қосылды. Аталған бағдарлама арқылы үй-ішілік газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетуге келісім шартты электронды түрде жасауға мүмкіндік бар. Тұрғындар қызмет көрсететін мекемені өздері таңдап,онлайн түрде келісім-шарт жасай алады. Газды тұрмыста қауіпсіз пайдалану – адам өмірі үшін аса маңызды. Алайда, көгілдір отынды пайдаланушылардың барлығы дерлік техникалық қауіпсіздік шараларын сақтай бермейді. Мұндай салғырттықтың соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы әбден мүмкін. Мамандар дабыл қағып, қадағалау шарасын өткізгенімен, үй иелері үнемі сақ жүруі керек. Апат – айтып келмейді.
Сондықтан, тұрғындар өздерінің жеке басының қауіпсіздігі үшін қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, төтенше жағдай орын алған жағдайда жасайтын алғашқы шараларды білуі керек. Газбен улану фактілері адамдардың көз жұмуына апарып соқтыратынын ескерсек, жылыту пештерін құру және оны пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелеріне барынша назар аудару маңызды.
Адам ағзасын улайтын газдың иісі болмайды, сондықтан оны адам сезбей қалады. Тек ауа құрамында газдың шамадан тыс көбейіп кеткенін адамдар басы ауырып, әлсірегенде барып сезінеді. Мұндай кезде адам сол заматта таза ауаға шықпаса естен танып қалады да, жарты сағаттан кейін жүрегі тоқтайды.
Шымкент қаласының аумағында әлеуметтік инфрақұрылымға жататын газ тарату жүйелерінің объектілері бар ұйымның келiсiмiнсiз газ құбырларының күзет аймақтарын бүлдірген 12 жеке және заңды тұлғаларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 305-бабына сәйкес (95 АЕК- 290 985 теңге) айыппұл салынған.
Сондай-ақ, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы қаладағы 259 құрылыс объектілері бойынша 629 хаттама толтырып, азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
Миллионнан аса тұрғыны бар шымшаһар аумағында 983 құрылыс объектілерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде: 794 құрылыс объектілерінің құрылыс процесіне қойылатын негізгі талаптары орындалған. Ал, 189 құрылыс объектілерінің құрылыс процесіне қойылатын негізгі талаптары орындалмаған. Себебі, атқарушы техникалық құжаттары жоқ. Басқармамен ағымдағы жылы жалпы 259 құрылыс объектілері бойынша 629 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Құрылыс сапасына қатысты 70 құрылыс объектілері бойынша 93 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — дейді Нұрдәулет Құрбанбекұлы.
Басқарма тарапынан басталған мұндай жүйелі жұмыстар аудандарда да жүріп жатыр. Заңсыз құрылыстарға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Заңсыз құрылысқа қатысты 13 нысан бойынша сот шешімі шыққан. Оның ішінде сегіз құрылыс нысаны бойынша мәжбүрлеп бұзылып орындалған. Қалған бес нысандарды мәжбүрлеп бұзу бойынша Шымкент қаласының Әділет департаментінің атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі бөлімінде қаралуда. Қазіргі таңда заңсыз құрылыстарды анықтау және алдын алу бойынша 2 кезеңінде аудан әкімдіктерімен бірлесіп қала аумағын аралау барысында қосымша тоқсан сегіз құрылыс нысандары анықталды.
Сонымен қатар, заңсыз құрылыстарды анықтау және алдын алу жұмыстарын оңтайландыру бойынша қолданыстағы Заң талаптарын бұзған қала аумағындағы заңсыз және техникалық атқарушы құжаттарсыз салынып жатқан құрылыс нысандарын оңтайлы анықтау басталды. Яғни, белгiленген тәртiппен құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзу жөнiндегi қызметтер іске аса бастайды. «Өңірлік геоақпараттық жүйесі» (геопортал) мен elicense.kz электрондық порталын интеграциялау арқылы тұрақты енгізілуі және «Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес, толтырылған әкімшілік хаттамалардыңда тұрақты енгізілуі бойынша жұмыстар жүргізілуде.