Денсаулық – әрбір адамзат үшін баға жетпес құндылық. Дені сау адам тек өзіне ғана емес отбасына, ортасына қала берді мемлекетке көп көмегін тигізеді. Денсаулық – адам өмірінің маңызды құрамдастарының бірі. Адамның денсаулығы оның өмір салтына тікелей байланысты. Қазіргі әлемде белсенді өмір салты трендке айналып отыр. Бұл өте жақсы. Салауатты өмір салтының нәтижесі – әдемі дене ғана емес, сонымен қатар дені сау дене. Осының бәрінің құнын ауыр сырқаттанып, ауруханада көп жатқандар біледі. Себебі, салауатты өмір салтын сақтап жүргеннің өзінде айықпас дептке душар болып жатқан адамдар қаншама? Соның бірі шымкенттік 16 жастағы жасөспірім. Жастайынан бүйрегінде кінәраты бар бала ұзақ жылдар дендеген дерттен әбден қажыған. Дегенмен алтын қолды ақ халаттылардың көмегімен жуырда өмірге жаңа келгендей айығып отыр. Тарқатып айтар болсақ, шымкенттік дәрігерлер тумасынан ауыр дертке шалдыққан 16 жастағы жасөспірімге ашық әдіспен күрделі ота жасап, бүйрегін сақтап қалды.
Қалалық клиникалық балалар аурухана базасында мұндай отаны хирургтар алғаш рет жасап, оң нәтижеге қол жеткізіп отыр.
Науқастың операциядан кейінгі жағдайы жақсы, оны дәрігерлер күнделікті тексеріп, бақылауда.
«Түскен кездегі баламның жағдайы ауыр еді, бет-аузы іскен. Оған «гидронефроз» диагнозы қойылды. Ақ халаттылар дереу операцияға алып, баламды аман алып қалды. Дәрігерлерге айтар алғысым шексіз»,-дейді науқастың анасы Маргуба Ергешова.
Пациентті толық тексеріп шыққан мамандар күрделі ота жасап, зәр шығаратын аумағындағы кеңейіп кеткен астаушаларын пластикалық жолмен емдеген.
Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасының дәрігер-хирургі Қайрат Ізбасов астаушасына ота жасалған баланың бүйрегін осылайша сақтап қалғанын айтады. “Бүйректің қызметі 70-80 пайызға жақсарды. Бұл ота жалпы наркозбен, ашық түрде жасалады. Зәр шығару жолын жеңілдеттік. Алдағы апта ауруханадан үйіне шығарылады»-дейді ол.
Айта кетейік, қалалық клиникалық балалар аурухана дәрігерлері арнайы оқытудан өткен, соған орай арнайы урологиялық төсек орындар да ашылды.
Біздің денсаулығымыз өз қолымызда. Бұл адам өмірінің негізгі қағидасы болып табылады. Ата-ана баласын бала кезінен дұрыс өмір сүруге үйретуі керек, сонда бұл әдет ешқашан жойылмайды. Өйткені біздің барлық негізгі ережелеріміз балалық шақтан бастау алады, өйткені ересек жаста кейбір ұғымдарға үйрену әлдеқайда қиын. Дұрыс тамақтану, спортпен айналысу, жаман әдеттерден бас тарту және дұрыс күн тәртібі — күшті дененің кепілі. Жақында салауатты өмір салтын ұстану өте танымал болды, сондықтан бұл мәселе ХХІ ғасырда әсіресе өзекті болып отыр.