Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылдың соңына дейін елімізде 1 000 мектеп салынады. Былтыр 277 мектеп пайдалануға берілді. Биыл тағы 230 мектепті ашу жоспарланып отыр. Елімізде 80 мектеп ашылды, соның ішінде білім күні мегаполисте 20 жаңа мектеп ашылды.
Шымкенттегі 223 мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Биылғы оқу жылында 242 525 оқушымен 19 мыңнан аса педагог оқу-тәрбие жұмысын бастады.
Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан Қ.Сыпатаев атындағы №7 ІТ мектеп-лицейінде өткен Білім күні мерекесіне арналған салтанатты жиынға қатысты. Барша білім алушыларды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Жиында ұстаздар мен оқушылардың салтанатты шеруі болды. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер өлең айтып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Шымкентте жаңа оқу жылында 20 жаңа мектеп ашылды. Нәтижесінде 45 мектеп бір ауысымды, 173 мектеп екі ауысымда, 5 мектеп үш ауысымда білім береді. Білім ұяларының 97,8 пайызы бес күндік, үш ауысымда білім беретін 5 мектеп алты күндік оқумен қамтылады.
Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева 2022-2023 жаңа оқу жылының басталуы туралы БАҚ өкілдеріне берген арнайы брифингінде айтты.
— Жыл соңына дейін 12990 орынға арналған 25 мектеп пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке төмендеді.
Жалпы басқармаға қарасты 223 мектеп, 577 балабақша, 37 колледжді қосқанда, 861 білім беру ұйымдарында 390 мыңға жуық тәрбиеленушілермен жаңа оқу жылын бастау жоспарлануда.
Биылғы оқу жылында 1-сыныпқа 28 002 оқушы қабылданды. Бұл өткен жылғы бала санымен салыстырғанда 3 000 оқушыға артқан.
Жаңа оқу жылында 1 және 5-11 сыныптардағы білім беру стандарттарына өзгерістер мен толықтырулар еніп отыр, -деді басқарма басшысы.
Спикердің сөзінше, жалпыға міндетті білім қорынан 58 154 балаға мектеп формасы үшін жергілікті бюджет есебінен ҚР Үкіметінің №64 қаулысына сәйкес, әр балаға 37 389 теңгеден бөлінген.
Одан бөлек, кәсіподақ және банктер арқылы – 845, жергілікті мешіттер тарапынан – 1 200, жеке кәсіпкерлер, демеушілер – 2 142 балаға, жалпы алғанда 4 187 балаға қосымша қамту жұмыстары жоспарланған.
Сонымен қатар, қала аумағындағы сауда орындары зерделеніп, кәсіпкерлік басқармасымен бірлескен жәрмеңкелер ұйымдастыру жұмыстары да қолға алынған.
Қала мектептерінде компьютерлік құрылғылар саны – 56 746 дананы құрап, 1 компьютерге 4 оқушыдан келіп отыр. Бұған дейін 27 оқушыға 1 компьютерден тиген болатын.
Барлық компьтерлер 100% интернет желісімен қамтылып, жылдамдығын арттыру мақсатында байланыс операторларымен келісім-шарт түзілді.
Сондай-ақ қаладағы 6 мектепке спорт алаңшалары салынып, 372 кабинет және 610 интерактивті панелдер орнатылған. Нәтижесінде, пән кабинеттер үлесі 32,2% ден 72,0% артқан.
Бұдан басқа, барлық мектептер 100% бейнебақылау, дабыл түймесі, турникет және І дәрежелі күзетпен қамтылған.