Шымкент қаласы бойынша биыл кеміргіштерге қарсы залалсыздандыру жұмыстарына 9 миллион 916 мың теңге қаржы қаралды. Белгілі болғандай бұл қаражат- қоқыс жәшіктері және өзендер мен каналдар аумағын дезинфекциялау жұмыстарына жұмсалмақ. Бұл туралы Шымкент қаласы ауылшаруашылығы және ветеренария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыров баспасөз отырысында мәлімдеді. Оның айтуынша көктемгі кеміргіштерге қарсы залалсыздандыру жұмыстары 20-мамыр мен 31-мамыр аралығында жүзеге асқан. 16 752 шаршы метр қоқыс жәшіктердің және 1 136 340 шаршы метр өзен каналдардың аумағы залалсыздандыру жұмыстарының нәтижесінде қалыпқа келтірілген.
Сондай ақ маса,бүрге тағы да басқа зиянкестермен күресу жұмыстары алдағы уақытта жүргізілмек. Ал қаладағы егіс науқанының барысына тоқталсақ. Биылғы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 30 мың гектарға егіліп, өткен жылмен салыстырғанда 0.7 пайызға артқан. Негізгі жоспар 29,8 мың гектарды көздеген. Дәлірек айтсақ, дәнді дақылдар 13 000 гектар, жүгері дақылы 0.1 гектар, майлы дақылдар 3,6 мың гектарға, мал азықтық дақылдар 9.6 гектарға егілген. Ендігі жерде егіс көлемінен 90,1 мың тонна өнім жиналады деп күтілуде.