Үкіметте Мемлекет басшысының халық табысының өсімі мен тұрмыс сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау барысы қаралды

Бүгін Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың биыл 30 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау бойынша ұсынылатын шаралар туралы жауапты мемлекеттік органдардың баяндамалары тыңдалды.

Жалпы Үкіметтің жұмысы қанағаттанарлық деп бағаланды. ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев Елбасының бұлай жоғары бағалауы осы жылға белгіленген міндеттер мен тапсырмаларды орындау үшін бұрынғыдан да көп күш-жігер жұмсаудың қажеттігін көрсететінін атап өтті.

Үкімет алдына экономиканың орнықты өсу қарқынын қамтамасыз ету үшін әртүрлі сценарийге дайын болу міндеті қойылды. Бұл жерде екі көрсеткішке ерекше көңіл бөлу керек — ол халықтың табысы мен тұрмыс сапасы. Мемлекет басшысы тағы да бірқатар көрсеткіштерге арнайы тоқталып өтті, олар – шағын және орта бизнес үлесін көбейту, шикізаттық емес тауарлар мен қызметтердің көлемін ұлғайту, еңбек өнімділігін арттыру. Әрбір министр мен әкімнің жұмысы осы көрсеткіштерге қарай бағаланатын болады.

Алға қойылған міндеттерді орындауды қамтамасыз ету тәсілдері туралы Премьер-Министрдің орынбасары — ауыл шаруалышығы министрі Ө. Шөкеев, Ұлттық банк төрағасы Д. Ақышев, сыртқы істер министрі Б. Атамқұлов, ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, қаржы министрі Ә. Смайылов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Ж. Қасымбек, ҚР білім және ғылым министрі Е. Сағадиев, сондай-ақ, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі С. Жақыпова мен денсаулық сақтау вице-министрі А. Цой баяндады.

Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов Президент тапсырмаларын орындау мақсатында шағын және орта бизнестің (ШОБ) экономикадағы үлесін ұлғайту бойынша жүйелі жұмыс жалғасатынын, экономиканы одан әрі жекешелендіру және мемлекет иелігінен алу, көлеңкелі айналыммен күрес, Аумақтарды дамыту бағдарламасын одан әрі түзеу бойынша шаралар қабылданатынын, сондай-ақ ҚР ҰЭМ берілген өкілеттіктер аясында инвестицияларды тарту бойынша тиімді мемлекеттік саясатты қалыптастыруға күш жұмылдырылатынын атап өтті.

ШОБ-тың экономикадағы үлесін ұлғайту бойынша жүйелі жұмыс:

1) өткен жылы заңнамалық деңгейде қабылданған реформаларды жергілікті деңгейде іске асыру арқылы бизнес үшін кедергілерді төмендету;

2) бөлінген 600 млрд теңге бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі, агроөнеркәсіп кешенінде қайта өңдеу және өндіруде, сондай-ақ қызмет көрсету саласындағы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің басым жобаларын несиелендіру бойынша жұмысты іс жүзіне асыру. «Бизнестің жол картасы–2020» аясында осы қаражаттан берілетін несиелерді арзандату мақсатында сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау 3 жылдық бюджетте көзделген.

3) «Бизнестің жол картасы–2020»-ны 2025 жылға дейін ұзарту аясында қаржылық қолдау құралдарын жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Тиімділігі төмен кәсіпорындарды қолдаудан бас тарта отырып, іріктеу өлшемшарттары жобалардың өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігіне бағдарланатын болады. Бұл бюджеттен бөлінетін қаражаттың барынша экономикалық тиімділігіне қол жеткізуге мүмкіндік береді;

4) Сонымен қатар, қаржылық емес қолдау шаралары да жетілдірілетін болады. Атап айтқанда, оқыту бағдарламаларында бизнес үшін АТ-сервистерді және жаңа цифрлық шешімдерді қолдану бойынша мамандандырылған курстар қарастырылатын болады.

Экономиканы одан әрі жекешелендіру және мемлекет иелігінен алу бойынша шаралар тұрғысынан ҚР ҰЭМ-де биыл 139 нысанды өткізу жоспарланған. Бұдан өзге, 2019 жылы жекешелендіру бағдарламасына қосымша 48 нысан қосылады. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі – ЭЫДҰ) елдерінің стандарттарына сәйкес мемлекеттік меншік құрылымын коммерциялық және коммерциялық емес деп нақты заңнамалық бөлу арқылы оны реформалау қаралатын болады. Бұған қоса, монополияға қарсы реттеуді ЭЫДҰ елдерінің стандарттарына сәйкес келтіру, сондай-ақ Yellow Pages қабылданған қағидаттарды ұстану бойынша жұмыс жалғастырылады.

Инвестициялық бағыт бойынша — ҚР ҰЭМ берілген өкілеттіктер аясында инвестицияларды тарту бойынша тиімді мемлекеттік саясатты қалыптастыруға күш жұмылдырылады. Министрлік жанынан тұрақты жұмыс істейтін Инвестициялық штаб құрылған, оның міндеттері — инвестициялық заңнаманы, институционалдық ортаны және жалпы алғанда ахуалды жақсарту бойынша тәжірибелік ұсыныстар әзірлеу.

Өңірлердің даму әлеуетін және халық табысын арттыруға бағытталған нақты шараларды әзірлеу мақсатында ҚР ҰЭМ 2019 жылғы 1 шілдеге дейін Аумақты дамыту бағдарламасының форматын Стратегиялық жоспар–2025-пен сәйкестендіру арқылы өзгертуді көздейді. Осы жылдың соңына дейін әкімдер «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп өңірлерге талдау және скрининг жүргізеді. Жаңа форматты және жүргізілген талдауды ескере отырып, 2020 жылы барлық өңірлер өздерінің Аумақты дамыту бағдарламаларын түзейді, онда перспективалы салаларды дамыту, инвестициялар тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жоспарлары мен шараларын нақты көрсетеді.

«Жүргізілген талдаудың қорытындысы Еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасымен және жаңа Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасымен сәйкестендірілетін болады. Өңірлердің проблемалық мәселелері картасының негізінде жүйелі инфрақұрылымдық проблемалық мәселелерді (жолдардың, ауруханалардың, мектептердің, ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтаудың, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының және басқа да әлеуметтік маңызды мәселелердің жай-күйі) шешу бойынша жұмыс жүргізілетін болады. ҚР ҰЭМ бұл мәселелерді 2019 жылғы бюджетті нақтылау кезінде, және 2020 жылғы бюджетті қалыптастырған кезде шешуді ұсынады», — деді Т. Сүлейменов.

Қадағаланбайтын (көлеңкелі) экономика деңгейін қысқарту үшін Ұлттық экономика министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесіп экономикадағы қолма-қол ақшасыз қаражат айналымын ұлғайтуға бағытталған салық, сауда саясаты, салалық реттеу шаралары жөніндегі мәселені пысықтайтын болады. Тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде қолма-қол есеп айырысу бойынша лимитті белгілеу және жылжымайтын мүлік пен көлікті міндетті түрде қолма-қол ақшасыз сату және басқа мәселелер қаралатын болады.

Өз кезегінде, Қазақстанның Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев банк Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында қаржы секторын қалыпқа келтіру саясатын, қадағалау бойынша үздік халықаралық практиканы, оның ішінде тәуекелге бағдарланған негізде енгізуді жалғастыратынын айтты. Бұл бағыттағы маңызды шаралардың бірі — кепілді кредиторлардың абсолютті басымдығы бойынша заңнамалық түзетулер. Бұл кредиторлардың кәсіпорындар банкроттығына мүдделілігін арттыруға, нақты секторды қалыпқа келтіруге, экономикалық айналымға кепіл мүлкін тартуға мүмкіндік береді.

2019 жылы Ұлттық Банк банк активтерінің сапасын жан-жақты бағалау бойынша дайындық жұмысын бастайды, қаржы реттеушісі бұл мәселелерді банктермен талқылай бастады. ҚР ҰБ «7-20-25» бағдарламасының үлгісімен Қазақстан азаматтарының отандық автомобильдер сатып алуына несие беру бағдарламасын егжей-тегжейлі әзірлеуге дайын. Бұл ұсынысты Ұлттық банк мүдделі мемлекеттік органдармен және банктермен осы жылдың І жартыжылдығында жан-жақты пысықтап, бағдарламаны ІІ жартыжылдықта іске қосуды көздейді.

Мемлекет басшысының агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Премьер-Министрдің орынбасары – ауыл шаруалышығы министрі Ө. Шөкеев баяндады. Атап айтқанда, ет экспортын арттыру, АӨК өнімдерімен импорттың орнын басу, құс шаруашылығы мен сүт өндірісін дамыту, сондай-ақ егіс алқаптарын әртараптандыру жоспарлары туралы айтылды.

Ет экспортын арттыру үшін етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын іске асыру жалғасатын болады. Оған қаржы бөлінді және нақты индикативтер айқындалды, ол үшін: 1,2 млн бас ірі қара малды тұқымдық түрлендіру; бордақылау алаңдарына 353,6 мың бас бұқашық жеткізу; 100 мың бас ірі қара мал және 415,75 мың бас ұсақ мал сатып алу қажет. 2019 жылы 30 мың тонна сиыр етін экспорттау жоспарланып отыр.

Отарлы мал шаруашылығын дамыту мақсатында 2018 жылы 1873 (жоспардың 259%-ы) құдық салынды, оның ішінде 1369 құдықты салуға 6082 млн теңге субсидия берілді. Нәтижесінде 2244,4 мың гектар жайылым, оның ішінде 186,5 мың бас ірі қара мал, 531,6 мың бас ұсақ мал, 57,4 мың бас жылқы, 34,3 мың бас түйе су көзімен қамтамасыз етілді.

Сүт бағдарламасы бойынша сүт өндіруді 10 жылда 1 млн тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Оның индикативтік көрсеткіштері анықталған. 2027 жылға дейін қуаты 400 бас сиырдан басталатын 139 өнеркәсіптік сүт-тауар фермасын, 400 басқа дейін сиыр ұстайтын 527 отбасылық сүт фермасын ашу жоспарлануда. Құс шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында алдағы 10 жылда құс етін өндіруді 3 есеге (200 мың тоннадан 700 мың тоннаға дейін) арттыру жоспарланған. Мемлекеттік бағдарлама аясында 2021 жылға дейін 610 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу көзделіп отыр. Өткен жылы 65 мың гектар жер пайдалануға енгізілсе, биыл 124 мың гектар жерді айналымға тарту қажет.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қымбаттауына жол бермеу үшін көтерме-тарату орталықтарын салу жоспарланып отыр. Көтерме-тарату орталықтары ең алдымен Қарағанды қаласында іске қосылатын болады. АӨК цифрландыру бағдарламасы аясында биыл І тоқсанда 15 субсидиялау бағыты толықтай автоматтандырылатын болады, 106 мемқызметтің 80% автоматтандырылады. Қазіргі таңда барлық өңір бойынша 500 қожалық іріктеп алынуда. Олар 2019 жылдан бастап жүйелерді енгізе бастайды.

Қаржы министрі Ә. Смайылов экономикадағы мемлекет үлесін төмендету мақсатында биыл Жекешелендірудің кешенді жоспары бойынша республикалық, коммуналдық меншік пен квазимемлекеттік сектордың123 объектісін сату міндеті тұрғанын атап өтті. Президенттің жеке тұлғаларға арналған салық амнистиясы туралы тапсырмасын орындау аясында Жол картасы әзірленген. Парламентке түзетулер енгізудің жоспарланған мерзімі — 2019 жылғы наурыз; маусым айында заңды қабылдау және жыл соңына дейін амнистияны аяқтау көзделген.

2019 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 27 868 салық төлеуші немесе салық амнистиясына жататын 30%-ы жалпы 5,9 млрд тг сомасына 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша өздерінде болған берешек сомасын жапты. Олардың 1,1 млрд теңге сомасындағы өсімпұлдары мен 0,1 млрд теңге сомасындағы айыппұлдары алынып тасталады.

Кедендік әкімшілендіруді түбегейлі жақсарту бойынша тапсырмаларды орындау аясында ҚР мен ҚХР арасындағы кедендік статистиканың алшақтығын төмендету мақсатында алмасатын ақпарат құрамын кеңейту тұрғысынан өзгерістер енгізілетін болады.

Осы мақсатта Бас кеден басқармасының ақпараттық жүйесімен «Астана-1» ақпараттық жүйесін интеграциялау жоспарлануда. Қаржы министрінің айтуынша, бұл импорттаушылардың тауарларды декларациялауының дұрыстығын қамтамасыз етеді. Ең бастысы, бүгінгі күні кедендік шекарада бар сыбайлас жемқорлық көріністерін айтарлықтай төмендетеді.

Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл бойынша 2019–2021 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын іске асыру көзделген. Олар кедендік әкімшілендіруді жақсартуға, бизнесті ынталандыруға, шағын және орта бизнес субъектілерін «көлеңкеден» шығару және қолма-қол ақшасыз айналым үлесін ұлғайтуға бағытталған.

Мемлекет басшысының банкроттық және оңалту саласындағы қолданыстағы заңнаманы қайта қарау қажеттігі туралы тапсырмаларын орындау тұрғысынан, Ә. Смайыловтың айтуынша, тиісті заң жобасы қазіргі уақытта Парламенттің қарауында жатыр. Заң жобасы қысқа уақыт ішінде пысықталады. Екінші деңгейдегі банктерге несиелік портфельді тазалау рәсімін бастауға мүмкіндік беретін түзетулер ІІ жартыжылдықтың басынан бастап жұмыс істейді деп көзделген.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Ж. Қасымбек жергілікті желілердегі автомобиль жолдарын жақсы жағдайдан 90%-ға дейінгі деңгейге жеткізу бойынша жұмысты белсендіру аясында министрлік қымбат күрделі жобалардан ресайклинг экономикалық орташа әдісіне көшетінін атап өтті. 2019 жылы паритетті негізде республикалық және жергілікті бюджеттен 150 млрд теңге бөлу қарастырылған. Осылайша 2025 жылға қарай жергілікті желілердің жағдайын 90%-ға дейін жақсартылады. Сондай-ақ, биыл АҚШ, Жапония, Шанхай және әлемнің басқа да ірі қалалары бағыттары бойынша тікелей әуе қатынасын ашу жөнінде тиісті шаралар қабылданатын болады.

Бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері үшін бағадарламаның қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін тұрғын үй сертификаттарын беру мәселелері жөнінде тұрғын үй заңнамасына түзетулер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. «7-20-25» бағдарламасына, «Нұрлы жер» бағдарламасына түзетулер енгізілді, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қарыздарының бастапқы жарнасының мөлшерлемесі 30%-дан 20%-ға дейін төмендетілді. «Нұрлы жер» бағдарламасының шеңберінде бірінші қабаттарда әлеуметтік объектілерді орналастыра отырып тұрғын үй құрылысын салу көзделген. Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін 1 мыңнан кем емес жалға берілетін пәтерлердің құрылысы басталады.

2018 жылдың қорытындысы бойынша тұрғын-үй құрылысы жобаларындағы қазақстандық қамтудың үлесі 86% құрады. Үш жылдың ішінде тұрғын үй құрылысында жергілікті қамтуды 90%-ға дейін жеткізіледі.

Өз кезегінде сыртқы істер министрі Б. Атамқұлов ведомство елімізде инвестициялық ахуалды жақсарту және қазақстандық экспортты ілгерілету жөніндегі жаңа шараларды әзірлеу жұмыстарына кіріскенін атап өтті.

«Мемлекеттің сыртқы бағыттағы саяси міндеттерінің маңыздылығын төмендетпей, СІМ Қазақстанның халықаралық-экономикалық кеңістіктегі ұлттық мүдделерін қамтамасыз етуге қайта бағытталған. Үкіметтің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының «инвестицияларды тартудың күрделі экожүйесін құру» тапсырмасын жүзеге асыру басталған болатын: инвестиция тарту үшін 40 басым ел анықталды, тиімділік көрсеткіштері әзірленді», — деді Б. Атамқұлов.

Әрбір елшілікке нақты міндеттер қойылған, жауапты тұлғалар тағайындалып, жұмысқа жаңа тәсілдер әзірленді.

Б. Атамқұлов инвестициялық ахуалды өзгертудің стратегиялық шаралары, экспортты дамыту бойынша қабылданған шаралар және экспортты ілгерілетудің жаңа үлгісі туралы баяндады.

ҚР білім және ғылым министрі Е. Сағадиев өз баяндамасында «Жас маман» бағдарламасы «Жастар – Ел тірегі» ұлт жобасының бір бөлігіне айналады және «100/200» қағидасы бойынша іске асырылады: 200 оқу орны жаңа құралдармен жабдықталады, бұл – 3 жыл ішінде 100 сұранысқа аса ие мамандықтар бойынша 20 жоғары оқу орны және 180 колледж. Осылайша, 210 мыңнан астам білікті маман даярланады. Аталған оқу орындары білім берумен қатар, басқа оқу орындары үшін құзыреттілік орталығына айналады. Ол – 1-2 мамандық бойынша жаңа жабдықты, шетелдік әріптестермен кооперацияны, жаңа оқу бағдарламаларын көздейді.

Сонымен қатар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Атамекен» ҰКП бірлесіп 100-ден аса қажет маманды анықтайды, олар білім беру ұйымдары үшін сатып алатын жабдықты таңдауға негіз болады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі С. Жақыпова Мемлекет басшысының Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін арттыру бойынша тапсырмасын орындау үшін Министрлік әлеуметтік төлемдердің параметрлерін қайта қарау бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Қазіргі уақытта әлеуметтік сақтандыру жүйесінде әлеуметтік қатердің үш түрі бойынша параметрлерді қайта қарау ұсынылады. Әлеуметтік төлемдердің мөлшері міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты белгіленеді.

«Бұл әлеуметтік сын-тегеурін туындаған кезде азаматтардың әлеуметтік сақтандыру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ азаматтардың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысуға ынталандыруды, тиісінше, еңбек қатынастарын формализациялауды қамтамасыз етеді. Заңнамаға әлеуметтік сақтандыру бойынша тиісті түзетулер енгізіледі», — деді С. Жақыпова.

Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту және құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды әзірлеу бойынша

параметрлерді қайта қарау жұмыстары жүргізілуде. Ұлттық жоспар мүгедектігі бар адамдарды қоғамға толық интеграциялау үшін жағдайлар жасауға арналған кешенді және ведомствоаралық тәсілді қамтамасыз етуге тиіс. Сондай-ақ, жұмысшылардың еңбек құқықтарын сақтау, жалақы бойынша берешектерді өтеу мәселелері Министрліктің ерекше бақылауында. Өңірлерде прокуратура, мемлекеттік кірістер және әділет органдарының қатысуымен арнайы штабтар жұмыс істейді.

Қазіргі таңда ҚР ЕХӘҚМ Жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі 2019–2021 жылдарға арналған кешенді жол картасын іске асыруға кірісіп кетті. Жол картасы аясында жүйелі шаралар іске асырылады, атап айтқанда, кәсіптік қатерлерді басқаруға негізделетін еңбекті қорғаудың ұлттық жүйесі енгізіледі; еңбекті қорғау талаптарын сақтауды мемлекеттік, ішкі және қоғамдық бақылау механизмдері жетілдіріледі.

Денсаулық сақтау вице-министрі А. Цой Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігінғ әсіресе өңірлерде жақсарту жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырғанын атап өтті.

Сондай-ақ, 800 бірлік жедел жәрдем автомобильдерін және реанимобильдерді сатып алу көзделген. Өңірлерді жылжымалы медициналық кешендермен жабдықтау үшін ауылдарда медициналық тексеру жүргізу үшін 18 жылжымалы медициналық кешен сатып алу жоспарланған.

Дәрілік заттардың қолжетіміділігін арттыру шеңберінде дәрілік заттарды орталықтандыру жүргізілді, электронды сатып алу арқылы сатып алу жүйесінің ашықтығы қамтамасыз етілді, тегін дәрілерді беру электронды есепке алу жолға қойылды. Бұған қоса, SMS арқылы азаматтардың дәрі-дәрмектерді алуы туралы хабарландыру процесі іске қосылды.

Сәуір айында дәрілік заттардың шекті бағалары бекітіледі.

primeminister.kz

Ұқсас жазбалар

КҮШІМІЗ БІРЛІКТЕ

КҮШІМІЗ БІРЛІКТЕ

Шымкентте су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек жинау жалғасуда. Қала тұрғындары табиғи апатқа бей-жай қарамай, халыққа көмек қолын созуда....