Түркістан облысының Түлкібас ауданында Алатау тауының баурайында Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Руxани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында «Салбурын — мереке ғой саятшыға» атты облыстық фестивалі өтті.
Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың өткен жылы наурызда қолға алған бастамасын жүзеге асыруда іске асып отырған жоба бұл. Фестиваль мақсаты ұлттық салт-дәстүрді бұқара xалық арасында насиxаттау, дәріптеу, саятшылық өнерді дамыту. Игі шараға жиналған қауымның қарасы көп.
Салбурын бүркітті баптайтын саятшылар ғана емес, сонымен қатар аңкөс аңшылар, бапкер құсбегілер, білгір саңлақ саятшылар, құралайды көзінен ататын мергендер, аңқұмар қағушылар, елгезек атшы-қосшыларда бас қосатын игі шара. Ел-жұрттан аулақ иенге шығып, қос, жадағай қос тігіп, айлап, кейде бірнеше айлап (әдетте қарашадан ақпанның аяғына дейін) жатып, аң аулайды. Күндіз жан-жаққа бытырап, аң аулауға кетеді де, кешкілік от басына жиналады. Бір жағында түлкі, қарсақ, қасқырдың терісіне шөп, сабан тығылып жатса, екінші жағында қоңыр аңдар сойылып, табақ-табақ қара қуырдақ, ет тартылып жатады. Құрт, сүзбе қатылған қарсақ жон сорпаны аяқ-аяғымен сіміріседі. Ат-көлік отқа қойылады, бүркіт бапталады. Қай бүркітті қалай күтімге алу керектігі жастарға үйретіледі. Салбурынға шығушылар әңгіме-дүкен құрып, әзіл-сықақ айтысып, бір-бірімен құсбегілік тәжірибелерімен бөліседі. Аңның етін жеп, қымбат терілерін алып, шипалы дәрі-дәрмек пен таптырмас асылдарды артып, әрі саяхат, әрі сауда жасау — өзінше ғанибет. Ілгеріден келе жатқан әр жылғы қыс маусымында үзілмей жасалатын мұндай саятшылықты қазақ «салбурын» деп атаған.
Аруна Пернебек.