Келесі жылы ел қазынасына түсетін кіріс – 6, ал шығыс көлемі 10 триллион теңгеден асады деп болжанып отыр, деп хабарлады «Хабар 24» тілшісі.
Сондай-ақ жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 9900 АҚШ долларына жетпек. Қазынадағы қаражаттың жұмсалуына жауапты сала жетекшілері тағы қандай мәлімдеме жасады?
2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет аталған кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленді. Келесі жылы жалпы ішкі өнім – 3,9, ал 2023 жылы 4,6 пайызға артады. Өңдеу және агроөнеркәсіптік кешен, құрылыс индустриясы, көлік-логистика саласы және сервистік экономика. Міне, осы факторлар ел экономикасының өсуіне ықпал етуі тиіс. Сондай-ақ мақұлданған бюджет мұнайға деген тәуелділіктен біртіндеп арылуға және салық түсімдерінің тұрақтылығына негізделген.
Әлихан Смайылов, ҚР Қаржы министрі:
— Бюджетке түсетін мұнай түсімдерінің үлесі 2019 жылы 35,5 проценттен 2021 жылы 28,9 процентке дейін төмендейді. Ұлттық қор қаражатын шектеулі пайдалану, сондай-ақ ағымдағы жылдың өзінде мұнай бағасының өсуі қор активтерін мерзімінен бұрын тұрақтандыруға алып келеді. Сондай-ақ тұрғындарды алаңдатқан тұрмыстық мәселелерге де алдағы 3 жылдың бюджетінде қаражат қарастырылған.
Мәселен, апатты және 3 ауысымды мектептер, алғашқы медициналық көмек, инфрақұрылымды дамыту сияқты өзекті проблемаларды шешу үшін жеткілікті дәрежеде қаржы бөлінбек. Соның ішінде жалақы да бар.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:
— Қатардағы мемлекеттік қызметкерлердің көпшілігі төменгі жалақы алып жүрді. Президент айтқан соң, оны көтереміз. 42 мың теңгеге дейінгі айлықты 1,5 есе арттырамыз. Бұл өзгерістердің министрлерге, олардың орынбасарлары мен депутаттарға қатысы жоқ. Банктерге 600 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаражаттың жартысы Ұлттық банктен, ал қалған 50 пайызы БЖЗҚ-нан алынады. Аталған қаржы экономиканы несиелендіруге жұмсалмақ. Мұның бәрі кәсіпкерлерге 11% базалық ставкамен беріледі. Бұдан бөлек оған екінші деңгейлі банктердің 4% пайызы қосылады. Алайда 15% бизнес үшін ауыр болмақ. Сондықтан ол «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы негізінде 7%-ы субсидияланып, 8%-бен берілетін болады.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
— Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 9 айда және несиелер беру көлемі 26 пайызға өсті. Қайта құрылымдап жатқан және лицензиядан айырылған банктерді қоспағанда, экономиканы кредиттеудің жылдық өсуі 7 пайыз немесе 816 миллиард теңге болды. Елімізде жыл сайын әлеуметтік және сараптамалық зерттеулерге миллиардтаған қаржы бөлінеді екен. Енді бұл жолы 11 млрд теңге сұралып отыр. Ал мұны естіген депутаттар қыруар қаржының қалай жұмсалатынын түсінбей дал болды.
Глеб Щегельский, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
— Түрлі әлеуметтік зерттеулер жүргізу үшін 11 миллиард теңге шамасында қаражат сұралып отыр. Осыған дейінгі жиындарда бұл мақсатқа бөлініп келе жатқан қаражаттың тиімсіз жұмсалғаны анықталды. Тіпті, кей зерттеулердің тақырыбы қайталанатын болып шықты. Бұл сұраққа Ұлттық экономика министрі зерттеулердің ұқсастығын айтып, мемлекеттік тапсырысты алға тартты.
Алайда Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «түсініксіз зерттеулерге жұмсалатын қаражатты қысқарту» керек деп қадап айтты. Жалпы, Мәжіліс спикері бекітілген бюджеттің әр тиынын тиімді пайдаланудың маңызына тоқталып, заң жобасының Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
— Ең бастысы, бұл заң жобасында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауында айтылған барлық тапсырмаларды қаржыландыруға нақты қадам жасалынды. Ендігі басты міндет – осы бөлінген әрбір тиынды дұрыс пайдалану. Отырыс барысында Мәжіліс депутаттары баяндама жасаушыларға 20-дан астам сұрақ қойды. Әр бағыт бойынша ұсыныс білдіріп, ескертулер жасады. Ал бірнеше сағатқа созылған жиынның нәтижесінде алдағы 3 жылға арналған республикалық бюджет мақұлданды.
Дереккөз: 24.kz