Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Яғни, елімізде жол жүру ережесіне қатысты бірнеше қағидалар оңтайландырылып отыр. 2017 жылы 28 желтоқсанда Елбасы Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер енгізу туралы Заңға қол қойды. Жаңа заңда көлік жүргізушілеріне қатысты құқық бұзушылықтың 22 түрі бойынша айыппұлдар азайтылып, көрілетін әкімшілік шаралар жеңілдетілген. Мәселен, көлік жүргізушісі жылдамдықты асырғаны үшін бұрын 10 АЕК көлемінде айыппұл төлейтін болса, ол айыппұл енді 5 АЕК мөлшері болып азайтылып отыр. Бұл туралы ОҚО сотында өткен дөңгелек үстелде айтылды.
Сонымен қатар мүгедектердің көліктерін қоюға арналған орынға басқа жүргізушілер көліктерін қойған жағдайдағы айыппұл мөлшері 50 АЕК болса, оның көлемі заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес 10 АЕК болып белгіленді. Ал, Ішкі істер органдары көлікті тоқтату туралы белгі бергенде, жол сақшысының заңды талабына бағынбаған жағдайда жүргізушілер бұрын 1 жылға дейін көлігін басқару құқығынан айрылатын еді. Ал жаңа заңнамада бұл жазаны 6 айға дейін қысқарту көзделген.
Ал, көлік жүргізушісі жолдың қарсы бетіне шығып кеткен жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша 1 жылға дейін жүргізуші куәлігі мен көлікті басқару құқығынан айрылу жазасы қарастырылған. Ал, жаңа өзгеріс бойынша аталған жаза 30 АЕК мөлшерінідегі айыппұлға ауыстырылатын болады. Тағайындалған айыппұлды 7 күннің ішінде төлейтін болса 50 пайыздық жеңілдік жасау бұрынғыдай қалдырылады. Айта кетейік, Жаңа заңға енгізілген осы және өзге де толықтырулар 2018 жылдың 9-шы қаңтарда толығымен заңды түрде жүзеге асады.