Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Мемлекет басшылары кеңесінің (МБК) саммиті 2018 жылғы маусымда Қытай елінің шығысындағы Шаньдун провинциясының Циндао қаласында өтеді, онда экономика тақырыбынан лаңкестікпен күреске дейін көптеген мәселелер талқыланады. Бұл жайлы ТАСС-қа берген сұхбатында ұйымның бас хатшысы Рашид Алимов айтты.
«МБК отырысы ШЫҰ-ға төрағалық етуші Қытай тарапының шақыруымен маусымның басында өтеді. Оған сегіз ел: Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан қатысады», — деді ол.
Бас хатшының сөзіне қарағанда, саммиттің күн тәртібі алдағы айларда егжей-тегжейлі айқындалады. «Қауіпсіздік, экономика және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері сияқты барлық бағыттар талқыланады», — деді Алимов.
Бас хатшы ШЫҰ-ның осы жолғы кешенді шарасы еуразиялық «сегіздік» форматындағы алғашқы жиын болады.
«Маңызды оқиғаға дайындалуға Астанадағы саммиттен кейін бірден кірісіп кеттік. 40-қа жуық шара өтеді, соның ішінде алғаш рет ұйымдастырылып жатқан әйелдер форумы мен БАҚ форумы айтулы оқиға болғалы тұр», — деді бас хатшы Рашид Алимов.
Дереккөз: inform.kz