Ана мен баланың денсаулығын қорғау – денсаулық сақтау жүйесінің басым бағыттарының бірі. Әсіресе халық саны қарқынды өсіп келе жатқан Шымкент қаласы үшін ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттырудың маңызы зор. Осы міндеттерді жүзеге асыру аясында Ақжайық шағынауданында 200 орындық №2 қалалық перинаталдық орталықтың құрылысы жүргізілуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық қызметтің сапасын жақсарту және азаматтардың өмір сүру ұзақтығын арттыру міндеттеріне ерекше назар аударып келеді. Осы бағыттағы жұмыстардың маңызды бөлігі – заманауи медициналық нысандар салып, халыққа көрсетілетін көмектің қолжетімділігін кеңейту. Шымкентте бой көтеріп жатқан жаңа перинаталдық орталық та осы мақсаттарға қызмет ететін маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі.
Жаңа орталық әйелдерге акушерлік, ал жаңа туған нәрестелерге неонаталдық көмек көрсетудің мүмкіндіктерін арттырады. Мұнда қалыпты босанумен қатар, жүктілік пен босану кезінде асқыну қаупі жоғары жағдайларды қабылдауға, күрделі патологиялары бар әйелдерді емдеуге және шұғыл медициналық көмек көрсетуге қажетті жағдай жасалады.
Бұл, әсіресе, ана мен нәрестенің өміріне қауіп төнуі мүмкін күрделі жағдайларда медициналық көмекті дер кезінде ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Арнайы бөлімшелер мен заманауи жабдықтардың болуы дәрігерлердің жұмысын тиімді үйлестіріп, науқастарға көрсетілетін қызметтің сапасын арттыруға ықпал етеді.
Жобаның ауқымы да айтарлықтай. Үш қабаттан тұратын медициналық кешен 12 блокты қамтиды. Ғимараттың жалпы аумағы 38 мың шаршы метрді құрайды. Нысан аналар мен сәбилерге жоғары мамандандырылған көмек көрсетуге арналған заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
Шымкенттің аумағы кеңейіп, халық санының өсуіне байланысты медициналық инфрақұрылымға түсетін жүктеме де артып келеді. Мұндай жағдайда жаңа медициналық мекемелердің салынуы қолданыстағы ұйымдардың жұмысын оңтайландыруға және тұрғындардың қажетті қызметтерді алу мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады.
Перинаталдық орталықтың қызметі тек қала тұрғындарымен шектелмейді. Оның медициналық әлеуетін Түркістан облысының Шымкентке іргелес аудандарында тұратын әйелдер мен жаңа туған нәрестелер де пайдалана алады. Демек, жоба өңірдегі мамандандырылған акушерлік және неонаталдық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар орталықтың ашылуы медицина мамандары үшін де жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады. Мұнда дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерін даярлау, олардың кәсіби біліктілігін арттыруға жағдай жасау көзделген. Бұл медициналық көмектің сапасын тек заманауи жабдықтар арқылы ғана емес, білікті мамандардың кәсіби әлеуеті есебінен де жетілдіруге мүмкіндік береді.
Жобаның құрылысы 2026 жылдың сәуір айында басталған. Қазіргі уақытта нысанның құрылыс дайындығы 30 пайызды құрайды. Құрылыс жұмыстарын «Integra Construction KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде.
Жоспар бойынша, медициналық кешеннің құрылысын толық аяқтау 2027 жылдың қыркүйек айына белгіленген. Алдағы уақытта құрылыс жұмыстарының сапасын сақтау, бекітілген мерзімдердің орындалуын қамтамасыз ету және нысанды қажетті медициналық жабдықтармен жарақтандыру жобаның нәтижелі жүзеге асуына тікелей әсер етеді.
Жаңа перинаталдық орталықтың пайдалануға берілуі Шымкенттің денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы маңызды қадам болмақ. Ең бастысы, бұл жоба ана мен баланың өмірі мен денсаулығын қорғауға, күрделі медициналық жағдайларда жедел әрі сапалы көмек көрсетуге және тұрғындардың мамандандырылған медициналық қызметке қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Өйткені дені сау ана мен аман-есен дүниеге келген сәбидің саулығы – қоғамның әл-ауқаты мен ел болашағының негізі.











