Ұлттың зияткерлік әлеуеті мен елдің ертеңі білім сапасына тікелей байланысты. Ал сапалы білімнің негізін қалайтын – ұстаз. Өскелең ұрпақтың бойына білім мен тәрбие дарытып, олардың қабілетін шыңдайтын педагогтердің еңбегі қашанда құрметке лайық. Осы орайда Шымкент қаласында Ұстаздар күніне арналған «Ұстаз – ұлы тұлға, ұстаздық – ұлы міндет» атты салтанатты жиын өтіп, білім саласының майталмандарына айрықша құрмет көрсетілді.
Мерекелік шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, адам құқықтары мен бала құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уәкілдер, Білім басқармасы жанындағы Ардагерлер кеңесінің мүшелері, сала ардагерлері, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтер қатысты. Жалпы, мерекелік басқосуға 2 мыңға жуық адам жиналды.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген шаһар басшысы ұстаздық қызметтің қоғам дамуындағы айрықша орнына тоқталып, мұғалімдерге жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, сапалы білім беру жолындағы табысты еңбектері үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, білім беру жүйесін жетілдіру, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру және балаларға қолайлы оқу ортасын қалыптастыру – қала дамуының басым бағыттарының бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру сапасын арттыру, мұғалім мәртебесін көтеру және жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау мәселелеріне үнемі назар аударып келеді. Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін педагогтерге қажетті жағдай жасап, заманауи білім беру инфрақұрылымын дамыту маңызды. Осы бағытта Шымкентте мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, жаңа білім беру нысандарын салу және қолданыстағы мекемелерді жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков білім беру саласындағы атқарылған жұмыстарға тоқталып, соңғы екі жылда мегаполисте 13 білім беру нысаны пайдалануға берілгенін атап өтті. Қазіргі уақытта Тұран, Shymkent City және Асар-2 шағынаудандарында үш жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар №7 IT мектеп-лицейін заманауи талаптарға сай жаңарту жоспарланған. Білім беру нысандарын көбейту – қаладағы оқушы орындарының тапшылығын азайтып қана қоймай, балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік беретін маңызды қадам. Ал заманауи оқу ортасын қалыптастыру мұғалімдердің кәсіби мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға жол ашады.
Мерекелік жиынның басты сәттерінің бірі – білім саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, педагогикалық тәжірибеге жаңашыл әдістерді енгізген ұстаздарды марапаттау рәсімі болды. Қала әкімі Мемлекет басшысының атынан білім беру саласының үздік өкілдеріне мемлекеттік наградалар – «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медальдарын табыстады. Сонымен қатар бірқатар педагог қала әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл марапаттар – мұғалімдердің күнделікті еңбегіне берілген баға ғана емес, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігі мен жас ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлегін мойындаудың көрінісі. Сондай-ақ пәндік олимпиадаларда, спорттық жарыстарда және түрлі шығармашылық байқауларда шәкірттерін жеңіс тұғырына шығарған педагогтерге ерекше құрмет көрсетілді. Өйткені оқушының жетістігі артында білімін аямаған, қабілетін танып, бағыт-бағдар берген ұстаздың қажырлы еңбегі тұрады.
Шымкенттің білім беру саласындағы жетістіктері жас ұрпақтың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді. Қала мектептерінің 80-нен астам түлегі әлемнің жетекші 100-ден астам университетінен шақырту алып, халықаралық білім беру гранттарының иегері атанған. Бұдан бөлек, мегаполис оқушылары халықаралық және республикалық пәндік жарыстарда 16 алтын, 44 күміс және 63 қола медаль жеңіп алған. «Алтын белгі» иегерлерінің қатары да артып келеді. Бұл нәтижелер – білім беру ұйымдарындағы жүйелі жұмыстың, педагогтердің кәсіби біліктілігінің және оқушылардың ізденісі мен талпынысының жемісі. Әсіресе шәкірттерді халықаралық білім кеңістігіне бағыттау, олардың қабілетін ерте анықтап, терең білім алуына жағдай жасау қазіргі білім жүйесінің маңызды міндетіне айналып отыр.
Жас ұрпақтың осындай жетістіктерге жетуі ұстаздық еңбектің маңызын айқындай түседі. Себебі мұғалімнің міндеті тек пән үйретумен шектелмейді. Ол баланың бойына жауапкершілік, отансүйгіштік, еңбекқорлық пен адамгершілік қасиеттерін сіңіріп, өмірлік ұстанымының қалыптасуына ықпал етеді. Салтанатты жиынның соңы танымал өнерпаздардың қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты. Әсем ән мен көтеріңкі көңіл күйге толы кеште ұстаздарға деген құрмет пен ризашылықтың лебі сезілді.
Ұстаздар күні – білім мен тәрбиені қатар ұстанып, болашақ буынның қалыптасуына үлес қосып жүрген жандардың еңбегін бағалайтын ерекше мереке. Ал мұғалімге құрмет көрсету – ұлт болашағына құрмет көрсету. Сондықтан педагог мәртебесін көтеру, олардың кәсіби дамуына қолдау білдіру және сапалы білімге қолжетімділікті кеңейту жолындағы жұмыстар алдағы уақытта да өз маңызын жоғалтпайды.











