Мемлекет басшысы «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
Заң ақпарат және коммуникациялар мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіруге бағытталған.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
Еске салсақ, бұған дейін ҚР Парламенті Сенаты ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістерді екі оқылымда қарап, қабылдады.
Құжат бұқаралық ақпарат құралдары, телерадио хабарларын тарату, ақпараттандыру және байланыс, ақпараттық қауіпсіздік салаларында қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеуді қамтамасыз етуге бағытталған. Бюджет, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Кәсіпкерлік кодекстерге, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстеріне, сондай-ақ «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Телерадио хабарларын тарату туралы», «Ақпараттандыру туралы», «Байланыс туралы», «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы», «Пошта туралы», «Жарнама туралы», «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» және басқа да заңдарға түзетулер енгізуді көздейді.
«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында БАҚ-тың ауызша және жазбаша сұрау салулары бойынша оларға ақпарат беру процесі реттеледі; БАҚ-пен жұмысты жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті тұлғалардың немесе бөлімшелердің мәртебесі мен функциялары алғаш рет заңнамалық тұрғыдан айқындалады. Заңда бұқаралық ақпарат құралдарының шығындарын қысқарту мақсатында уәкілетті органға жіберілетін мерзімді баспасөз басылымының міндетті данасының қағаз нысанын алып тастап, электрондық нысанда жіберу ұсынылады.
Бұдан басқа, заңда халықтың тыныс-тіршілігін бұзатын оқиғаларға жедел ден қоюды және оларды уақтылы хабарлауды қамтамасыз ету шеңберінде мемлекеттік органдардың үш сағат ішінде халықты ақпараттандыру міндетін заңнамалық тұрғыдан бекіту ұсынылады. Ресми хабарларға жатпайтын ақпаратты беру туралы сұрау салулар бойынша жауап, егер сұрау салудың өзінде өзгеше көрсетілмесе, сұрау салу келіп түскен күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде, берілген сұрау салу сипатында және тілінде ұсынылады.
«Телерадио хабарларын тарату туралы» Қазақстан Республикасының Заңында оларды жарнамамен бөлудің мүмкіндігін болдырмайтын «діни», «білім беру» және «балалар» телебағдарламасы ұғымдарына анықтама берілген.
Заң жобасында ҚР-ның алты кодексі мен 16 заңына өзгерістер енгізу көзделген. Заң шығару рәсіміне сәйкес құжат Мемлекет басшысына қол қоюға жіберілді.
Дереккөз: primeminister.kz