Шымкенттегі 1979 жылы құрылған дендросаябаққа жаңа атау беріледі. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облыстық ономастика комиссиясының мәжілісінде белгілі болды. Аталған комиссия 2017 жылы 27 қыркүйекте өткен кезекті отырысында «Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнына – «Асанбай Асқаров атындағы дендрологиялық саябақ» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын деп атау беру туралы ұсынысы қаралып, қолдау тапты.
Асанбай Асқарұлы Асқаров 1978-1985 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы (бұрынғы Шымкент облысы) партия комитетінің бірінші хатшысы болып абыройлы еңбек еткен.
Қазақстан бойынша екі дендросаябағы бар. Олар: Алматы және Шымкент қалаларында орналасқан. Шымкент қаласындағы дендросаябақ — ең алғашқы саябақ. Шымкент қаласындағы саябақ 1979 жылы 173 гектар аумақта орталық қоқыс үйіндісінен тұрғызылған болатын. Осы саябақтың құрылуына Асанбай Асқаров тікелей мұрындық болған. Сол кездегі Шымкенттегі барлық өндіріс орындардың қызметкерлерін жұмылдырып, тұрмыстық қалдықтар тасталған жерді баққа айналдырып, қала халқы үшін экологиялық жайлы орта туғызды.
Ал мекеме Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2009 жылғы жылғы 24 наурызындағы №83 қаулысының негізінде «Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» құрылған. Саябақты құруға облыстық бюджеттен 650-700 млн. теңгедей қаражат бөлінді. Жалпы көлемі 117 гектар.
Мұнда бүгінде 500 мыңнан астам ағаш және 1млн. астам шөптесін өсімдіктер бар.