Жаздың ортасы болса да, азық-түлік бағасы, соның ішінде көкөністің құны түсетін емес. Әсіресе, картоп, сәбіз, пияз сияқты әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы арзандамай жатыр, керісінше, қымбаттап кетті. Үкімет те аталған мәселені жақсы біледі. Алайда бағаны ұстап тұруға қажетті шараларды толығымен іске асыра алмай отыр. Себебі министрліктер деңгейінде оңтайлы шешімдер қабылданса да, жергілікті жерде соның барлығын ойдағыдай жүзеге асыру оңай емес. Екі жақты да тыңдап көрсең, әрбіреуінің өз шындығы бар. Сөйтіп, «ары тартса арба сынады, бері тартса өгіз өлетін» тәрізді. Дегенмен, азық-түлік бағасын бірқалыпты ұстаудың жолдары бар. Соның бірі базарлардың санын азайтуы әбден мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Өзбекстан біздің картоп-пиязымызды жеп қойды ма? Ресми мәліметке сәйкес, өткен айдың соңында азық-түлік бағасының 7 пайызға өскені тіркелді. Мәселен, пияз — 81,1 пайызға, картоп — 74,9 пайызға, қырыққабат — 61,2 пайызға, сәбіз — 38,1 пайызға, сиыр еті 10,7 пайызға қымбаттаған. ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, бүгінде өткен жылғы өнім тауысылуға жақын. Ал жаңа шыққан өнімнің құны қымбат болып тұр. Бұның барлығы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына әсер етіп отыр. «Бұдан бөлек, биыл пияз, картоп пен қырыққабат сияқты өнімдерді Өзбекстанға экспорттау көлемі әжептәуір ұлғайды. Себебі ол жақта ауа-райының қолайсыздығына байланысты өнім дұрыс шықпай қалды. Негізі, біздің Еуразиялық экономикалық одаққа кіретінімізді ұмытпау қажет. Өзбекстанмен арадағы еркін сауда-саттық туралы келісіміміз де бар. Сондықтан алдағы уақытта жоспар құрғанда өз еліміздегі сұранысты ғана емес, көрші елдердің тапсырысын да ескеру керек», — дейді Тимур Мұратұлы. Министрдің сөзіне қарағанда, ағымдағы жылда азық-түліктің қымбаттауына жанар-жағармай бағасының өсуі де әсер етті. Оған қоса, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай мен Павлодар облысында спекулятивті әрекеттер тіркелді. Монополистер сары май, ірімшік, сүт пен жұмыртқаның бағасын қолдан көтеріп келген. Азық-түлікке арналған бюджет қаржысы депозиттерде жатыр Бүгінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұру үшін әрбір облыста тұрақтандыру қорлары құрылған. Аталған қорларға бюджет қаржысына жаңа шыққан өнімнің біраз бөлігі сатып алынады да, тапшылық туындағанда нарыққа арзан бағамен шығарылады. Соның арқасында азық-түліктің құнын бірқалыпты ұстап тұруға мүмкіндік бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі өткен жылғы өнімнің Өзбекстанға экспортталғанын жоққа шығармайды. Алайда биылғы қымбатшылықтың одан емес, дәл сол тұрақтандыру қорларына қажетті өнім көлемін сатып алмауынан деп отыр. Бір қызығы, ақша бар. Бірақ жергілікті атқамінерлер оны депозиттерде ұстап келеді. «Әкімдіктер өткен жылдың өнімі есебінен тұрақтандыру қорларына азық-түлікті көптеп сатып алғанда қазіргі жағдай туындамас еді. Біздің зерттеуімізге сәйкес, азық-түлік өнімдері тұрақтандыру қорларына тиісті деңгейде сатып алынбайды. Соның салдарынан дәл сол тауарлардың бағасы күрт көтеріліп кетеді. Қазіргі кезде тұрақтандыру қорларына сатып алынған картоптың үлесі 16 пайызды құраса, пияз — 7 пайыз, ал қырыққабат 5-ақ пайызды құрап отыр», — дейді вице-министр Қайрат Айтуғанов. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде тұрақтандыру қорларын әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен толтыру жағынан Қызылорда (48 пайыз), Жамбыл (12 пайыз) мен Ақтөбе (10 пайыз) оқ бойы озық келеді. Қалған облыстарда азық-түлік өнімдері аз көлемде сатып алынған. Ал әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар бөлінген ақшаны банк есеп-шоттары мен депозиттерінде ұстап келеді. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 1,6 млрд теңге көлеміндегі қаражатты депозитке салып қойған. Облыстың тұрақтандыру қорына сатып алынған азық-түліктің көлемі небары 1 мың тоннаны құраған. Осы орайда айта кеткен жөн, жыл басынан бері Оңтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы ең қымбат көрсеткішке — 8 пайызға өскен. Бұдан бөлек, Батыс Қазақстан облысының тұрақтандыру қоры 63 тоннаны сатып алды да, 261 млн теңгені есепшот пен депозитте қалдырған. Аталған аймақта да әлеуметтік маңызы бар тауарлар 7,8 пайызға қымбаттады. Маңғыстау мен Павлодар облыстары да азық-түліктің бағасын ұстай алмады. Сақтау қоймаларын салмасақ, супермаркеттерді көбейтеміз бе? Шыны керек, тұрақтандыру қорларына азық-түлікті тиісті көлемде сатып алмау мәселесі жылда көтеріледі. Алайда жергілікті билік картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат сияқты тез бүлінетін азық-түліктен гөрі ұн, қант, қарақұмық, күнбағыс майы іспетті ұзақ сақталатын тауарларды сатып алғанды қалайды. Себебі заманауи сақтау қоймалары жоқ. Оны кезінде облыс әкімі болған Бақытжан Сағынтаев та жақсы біліп отыр. Содан болар, осы аптада өткен Үкімет отырысында әкімдерге шүйліккен ауыл шаруашылығының бетін қайтарып тастады. «Енді, оны біз де білеміз ғой… Бағаның өсуіне қарағанда, бізде сақтау мәселесі барлық облыстарға ортақ болып тұр. Әйтпесе, қымбатшылық тек екі-үш облыста ғана болатын еді. Логистикалық орталықтарды саламыз деп едік. Ол да жоқ әлі. Сондықтан азық-түлік бағасын қалай реттесек те, заманауи сақтау қоймалары болмаса, бұл мәселені шешу мүмкін емес», — дейді Үкімет басшысы Сағынтаев. Ал ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов супермаркеттер мен гипермаркеттерді көптеп ашуды ұсынып отыр. Себебі осы іспетті сауда орталықтарының бағасы базардан да арзан болады. Ондай нысандардан салық жинау да қиын емес. «Осы орайда біз зерттеу жүргіздік. Бүгінде гипермаркеттер мен супермаркеттер төмен бағаны қойып отыр. Мәселен, ірі гипермаркеттерде азық-түліктің бағасы базардан 10-15 пайызға арзан, ал үйдің жанындағы дүкендерден 30-40 пайызға төмен. Ондай сауда орталықтарында тауар айналымы да жоғары. Бұдан бөлек, олар бірыңғай баға саясатын, бірыңғай дистрибьюторлық саясатты жүргізе алады. Сондай-ақ, салықты да уақытында төлейді», — дейді Сүлейменов мырза. Министрдің сөзіне қарағанда, бүгінде «Бизнестің жол картасы» аясында заман талабына сай сауда орталықтарын қолдау шараларын кеңейту мәселесі қаралып жатыр. Ашығын айтқанда, бүгінде азық-түлік өнімдері былай тұрсын, киім-кешектің өзі базарға қарағанда сауда орталықтарында арзанға сатылып жатады. Ондай тауарлардың сапасы да жақсы. Халық осыны бірте-бірте түсініп келеді. Олай жалғаса берсе, ірі сауда орталықтары базарларды мүлдем ығыстырып тастауы әбден мүмкін.
Дереккөз: inform.kz . Журналист Арман Асқаров.