ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті ҚР санитарлық ағаш кесудің барлық түрлеріне мораторий енгізуді ұсынды, деп хабарлады ҚР Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті төрағасының м.а. Қайрат Үстеміровтың айтуынша, таяу 4 жылдағы мораторий табиғатқа «демалуға» мүмкіндік береді.
«Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті қазіргі уақытта ҚР санитарлық ағаш кесудің барлық түрлерін жабу мәселесін қарап жатыр. Өңірлердің қатысуымен өткен кеңесте біз соңғы 3-4 жылда республика бойынша санитарлық ағаш кесу көлемінің артуына байланысты осындай ұсыныс жасадық. Санитарлық ағаш кесуге белгілі бір уақытқа мораторий енгізу нұсқасын қарастырып жатырмыз», – деп мәлімдеді Қ. Үстеміров ҚР АШМ брифингі барысында.
Оның айтуынша, келесі аптада депутаттардың, «Атамекен», қоғамдық ұйымдар өкілдерінің және т.б. қатысуымен дөңгелек үстел өтеді.