Мемлекет басшысы 2020 – 2030 жылдарға арналған Тұжырымдаманы бекітті, — деп хабарлайды «Айғақ-ақпарат» тілшісі akorda.kz сілтеме жасай отырып.
9 наурызда akorda.kz-те жарияланған хабарламада Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы ҚАУЛЫға қол қойғандығы туралы мәлімет келтірілген. Мәтінде:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі үш ай мерзімде Тұжырымдаманы іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.
3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
4. «Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2014 – 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 21 қаңтардағы № 741 Жарлығының күші жойылды деп танылсын.
5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі, — делінген.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 6 наурыздағы № 280 Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН:
Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы
1-тарау. Ағымдағы жағдайды талдау
Қазіргі халықаралық қатынастар жүйесі күрделі өзгеріске ұшырауда, оның басты белгілері:
сенім дағдарысы және қақтығыстылықтың артуы, оның ішінде қауіпсіздік пен диалог бойынша көпжақты институттар функционалдығының төмендеуі, алдын алу дипломатиясы және дауларды реттеу тетіктері тиімділігінің төмендігі салдарынан болуы;
халықаралық құқықтың негіз қалаушы қағидаттардың бұзылуы, әлемдік деңгейде екі негізгі үрдістің – жаһандану мен ұлтшылдықтың бетпе-бет келуі, бұл шағын және орта мемлекеттерге елеулі қауіп төндіреді;
қауіпсіздікке төнетін терроризм, экстремизм, жаппай қарулану, оның ішінде зымырандық, ядролық және ғарыштық қару, климаттың өзгеруі және т.б. сияқты дәстүрлі сын-тегеуріндер мен қатерлердің өршуі;
геосаясат пен геоэкономикаға әсер етуші, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың дамуымен, гибридтік және киберсоғыстар құбылысымен байланысты жаңа факторлардың пайда болуы;
жаһанданудың және халықаралық сауда жүйесінің заманауи үлгісінің эрозиясы, елдер мен өңірлер арасындағы экономикалық және технологиялық дамудағы алшақтықтың ұлғаюы, жаһандық қаржы жүйесінің осалдығы, сауда және валюталық соғыстардың күшеюі, санкциялық текетірес болып табылады.
Осыған байланысты әлемдік қоғамдастық халықаралық қатынастардың барынша орнықты жүйесін құру қажеттігін түсінуде, оған мынадай факторлар дәлел болуда:
елдер мен өңірлердің өзара тәуелділігінің өсуі;
жаһандық және өңірлік мәселелерді шешудің, заманауи сын-тегеуріндерді бірлесіп еңсеру жолдарын іздеудің жинақталған тәжірибесі;
жетекші мемлекеттер мен әскери-саяси блоктардың арасында ашық идеологиялық текетірестің болмауы;
нарық экономикасына балама жоқ екендігін түсіну.
Аталған факторлар Қазақстанның сыртқы саясат саласындағы тұжырымдамалық және практикалық тәсілдерге елеулі әсерін тигізуде.
Біздің еліміз тәуелсіздік жылдары халықаралық аренада ұстанымын нығайтып, бейбітшіл және ашық мемлекет, жаһандық және өңірлік істерде сенімді әріптес ретінде орнықты. Қазақстан көпвекторлы, сындарлы және белсенді сыртқы саясатты жүзеге асыруда, қауіпсіздік, ынтымақтастық және даму салаларында жаһандық және өңірлік күн тәртібін қалыптастыру мен іске асыруда елеулі үлес қосуда. Бұл ретте ұлттық мүдделерді барынша және мызғымастықпен қорғауға, сыртқы саяси және сыртқы экономикалық басымдықтарды сындарлы түрде ілгерілетуге басты назар аударылады.
Сонымен қатар Қазақстанның мемлекеттік дамудың жаңа кезеңіне шығуы және жаңа экономикалық бағыттың қалыптасуы Қазақстанның сыртқы саясатын жаңа болмыс пен сын-қатерлерге алып келеді.
Біріншіден, саяси және экономикалық ықпал, халықаралық нарықтар мен инвестициялық ағындар үшін мемлекетаралық бәсекелестіктің күшеюі аясында Қазақстан өзіне әлемдік қоғамдастықтың жауапты мүшесі, Еуразия құрлығының геосаяси және геоэкономикалық орналасу жүйесінің негізгі элементі, Орталық Азия өңіріндегі көшбасшы мемлекет мәртебесін бекітуі тиіс.
Екіншіден, жаһандық және өңірлік ахуалдың қарқынды өзгеруі жағдайында ел мен әлем үшін нақты нәтижелерге қол жеткізу мақсатында прагматизм, жүйелі талдау негізінде Қазақстанның халықаралық бастамаларын барынша тиімді және жүйелі ілгерілетуді қамтамасыз ету маңызды.
Үшіншіден, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес және әлемдегі дамыған отыз мемлекет қатарына кіру бойынша стратегиялық міндетті ескере отырып, сыртқы периметрде мемлекеттің, бизнестің, әрбір азаматтың мүдделерін ілгерілету мен қорғауға назар аударуды күшейту қажет. Бұл қуатты, халықаралық қарым-қатынастардың қазіргі жүйесімен тығыз байланысқан үйлесімді және әлеуметтік жауапты мемлекет құрудың негізгі шарты болып табылады.
Сыртқы саяси ой-пікірлер мен дипломатиялық құралдар жүйесін ұзақ мерзімді талаптарға сәйкес келтіру қажеттігі осы құжатты қабылдаудың орындылығын айқындайды.
Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді және орнықты даму стратегиясында, «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарында және Президенттің Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларында көрсетілген мақсаттар мен міндеттерді ескере отырып әзірленді.
2-тарау. Халықаралық тәжірибе
Сыртқы саясат тұжырымдамаларын (бұдан әрі – ССТ) әзірлеу халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылады.
Шет елдердің ССТ-на шолу келесі негізгі жағдайларды айғақтайды.
-
Әлем мемлекеттері ұлттық мүдделерді сәтті іске асыру, тиімді халықаралық стратегия жүргізу мақсатында сарапталған және шындыққа негізделген ССТ болуының маңыздылығын ұғынады.
-
ССТ мемлекеттерде халықаралық қатынастар жүйесіндегі объективті мүмкіндіктері, орны мен рөлінен туындайтын, олардың ұзақ мерзімді және қазіргі мүдделерінің көрінісі болып табылады.
-
ССТ-ны әзірлеуде мемлекеттердің халықаралық қызметінің жинақталған тәжірибесін шоғырландыруға және пайдалануға ұмтылысы, белгілі сабақтастықты сақтау үрдісі байқалады.
-
Шет елдердің ССТ көпшілігі сыртқы, ішкі және экономикалық саясаттың өзара байланысына негізделеді.