Түркістан облысында биылғы жылдың алғашқы үшемдері дүниеге келді, — деп хабарлайды «Айғақ-Ақпарат» тілшісі.
Үшемдердің анасы небәрі он сегіз жаста. Сарыағаш ауданы Енкес ауылынан келген жас ана қазірде №1 облыстық перинаталдық орталықта дәрігерлердің бақылауында. Мамандардың айтуынша, нәрестелердің денсаулығы бірқалыпты.
Алғаш рет ана атанған Жанар Анарбаева он алтыншы қаңтарда балаларды дүниеге әкелген. Жас анаға кесір тілігі арқылы ота жасалып, дәрігерлер көп күш жұмсаған.
«Қазіргі уақытта үшемдердердің жағдайы жақсарып, үйіне шығаруға дайын», — дейді перинаталдық орталықтың дәрігер-неонатологы Баян Бурабаева.
Үшемдерге жарық дүние сыйлаған жас ананың қуанышында шек жоқ. Жақсы жаңалықты естіген отбасы да мәз-мейрам болған. Сәбилердің есімдерін де ырымдап, әулеттің ең үлкен әжесіне қойғызыпты. Яғни, Адина, Медина, Үсен.
Былтырғы жылы Түркістан облысында 55094 сәби дүние есігін ашқан. Олардың бесеуі үшемдер. Бала туу көрсеткіші бойынша облысымыз республика бойынша алғашқы үштіктің қатарында. Бұл әлбетте, мемлекеттің демографиясын көтеріп, халық санының артуына септігін тигізері анық.