

Үміткерлермен кездесуге және пікірсайыстардың бірқатарына «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев және партияның өзге де қызметкерлері, ұйымдастыру комитетінің мүшелері қатысып, үміткерлердің аяқалысын байқады. Қуанарлығы, үміткерлер бұл жобаның мақсаты мен тиімділігін жақсы түсінген. Әрқайсысы өңірді дамыту жөніндегі өз бағдарламаларын ұсынып, алдағы жұмыс жоспарларын жоғары деңгейде таныстыра білді. Алғашқы дебат Жабағылы сайлау округінде өтсе, одан кейін Ақбиік, Ломоносов, Пушкин, Түлкібас, Күмісбастау, Рысқұлов, Мичурин, Тастұмсық және өзге де сайлау округтерінде үміткерлердің ашық пікірсайыстары өткізілді. Пікірсайыс барысында қатысушылар бір-біріне өткір сұрақтар қойып, болашақ саясаткерге тән мінез көрсете алды. Нағыз көшбасшылар, партия қайраткерлері мен мемлекеттік қызметкерлер осындай сындардан өткен азаматтардың арасынан шығатыны анық. Ашық пікірсайыстар әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде көрсетілді.
Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Н.Назарбаев биыл 21 тамызда «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» партияны жаңғырту бағдарламасын ұсынған болатын. Сол бағдарламадағы тапсырмаға сәйкес Түлкібаста қолға алынған жоба 16 қарашада аяқталады. Сол күні аудандағы 15 арнайы орында үміткерлерге дауыс беріледі. Аудандағы «Nur Otan» партиясының 6 мың мүшесі үміткерлер арасынан ең үздіктерін таңдайды.










