«Қазақ хандығының 550 жылдығына» байланысты еліміздің тарихи мекендеріне сапар шеккен телеарнамыздың шығармашылық тобы бас қалада түсірілім жұмыстарын аяқтады. Делегаттар Тәуке хан 7 жарғыға мөр басқан Мәртөбеден бастау алған сапар барысында 6 бірдей облыстың шегарасын кесіп өтіп, терең тарихқа көз жүгіртті. Екі жұмаға жалғасқан экспедиция барысында Қазақ хандығы заманына қатысты тарихшы қауым тарапынан айтыла бермейтін, тың ақпарлардың да беті ашылды. 1710 жылы Қызылорда облысына қарасты Қарақұм жерінде Кіші жүз билеушісі Әбілхайырды халық ақ биенің сүтіне шомылдырып, ақ киізге отырғызып, небәрі 17 жасында хан сайлайды. Ерекше дипломатиялық іскерлігімен, жанкештілігімен халқын сан мәрте жоңғарларға қарсы шайқаста аман алып қалған Әбілхайыр ханның «Ақ ордасы» 10 жылға жуық Қазалы ауданының аумағында орын тепкен.
Тілеу Айтұлы – «Сайрам соғысының сардары» деген атқа ие болған баһадүр. 1681 жылы Ақтөбе облысынан Сайрамға 17 мың сарбаз қол бастап барады. Бұл тұста Салқам Жәңгір ханның баласы Тәуке хан билік тізгінін өз қолына алған болатын. Оңтүстіктегі қандас бауырларын жау қолынан азат етуде 1500 шақырым қашықтықта жатқан Сайрам жеріне атты әскермен келу деген нағыз ержүректіліктің, бауырмалдылықтың белгісі болса керек. Қанды шайқастардың бірінде тұңғыш ұлы Жолдаяқпен бірге көз жұмып, Түркістанға жерленеді. Батырдың туып-өскен мекені Ақтөбеде бүгінде есімі ардақталып, даңқы шартарапқа жайылған. Баба есімінің ұлықталуында 88 жастағы ұрпағы Кемейдулла Төлеубай қарияның еңбегі еселі көрінеді. Ақтөбе облысының Ресей Федерациясымен шегералас жатқан, қиырында Қобыланды батыр жерленген. тарихи тұлғадан гөрі әдебиет әлемінде аты әйгілі батырға арналып кесене атақты «Қобда» өзенінің маңынан салынған. Жоғарыдан қарағанда батырдың 5 қаруын бейнелейтін кешенде болып, рухына арнап, Құран бағыштадық. Батырдың бүгінгі ұрпақтары да мұнда жиі келіп, қамқорлықтарын көрсетіп тұрады екен.
Телеэкспедицияның төртінші болып аяқ басқан өңірі – Қостанай облысы. Алғашында Мұхамеджан Сералин мен Бейімбет Майлиндердің бастауымен қолға алынған «Ауыл» газетінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныс болдық. Қазірде «Қостанай таңы» және «Костанайские новости» атымен басылып шығатын қос газет елдегі жаңалықтардан өзге танымдық дүниелерді жеткізуде бір ғимаратта жұмыс жасауда.
Солтүстік Қазақстан облысындағы ең көрнекті орын, Хан Абылайдың тұсында ақ орда қызметін атқарған резиденция. Бір кездері сау тамтығы қалмаған, тарихи орын 2008 жылы Елбасының қолдауымен қайта жаңартудан өтеді. Бұл орында кезінде ел үшін маңызы аса жоғары келіссөздер өтіп, шешімдер қабылданған. Реставрациядан соң Петропавл қаласындағы зәулім ғимараттың ашылу салтанатына мемлекет басшысы арнайы қатысқан.
Еліміздің қиыр солтүстігіндегі түсірілім жұмыстарын тәмамдап, бағдарлама негізінде Ақмола облысына жол тарттық. 5000 шақырым қазақтың ұлан байтақ жерін еңсеріп, Елордаға жеткен біздер, 2 жұмаға жалғасқан телеэкспедициямыздың басты мақсаттарын орындадық.
Ботагөз Мәдібек