Шымкентте өткен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қала әкімі де атсалысты. Іс-шара барысында мегаполис көшелеріне шынар мен қайың ағаштары отырғызылды. Бұл бастама қаланың жасыл желегін көбейтіп, экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған. Сондай-ақ, тұрғындарға жайлы және көрікті орта қалыптастыруды көздейді.
«Таза Қазақстан» республикалық экошарасы үшінші мегаполисте тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Кезекті сенбілік акциясына қаланың 470 мекемесінен 38 мың қызметкер және бес ауданнан 83 мыңнан астам тұрғын өз үлесін қосты. Сондай-ақ, 195-ке жуық арнайы техника тартылып, нәтижесінде 312 тоннадан астам тұрмыстық және құрылыс қалдықтары қала аумағынан шығарылды.
Қала әкімі де игі іске өз үлесін қосып, Астана көшесіне шынар ағашын отырғызды. бастама аясында жалпы 200-ге жуық шынар ағашы егілді. Ағаш отырғызу шарасына қала тұрғындары да белсенді қатысып, табиғатты қорғауға және қаланы көркейтуге өз үлестерін қосты. Тұрғындар мұны үлкен бастама деп бағалап, алғыс білдірді.
Тазалық пен көркейту шарасы экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған. Мұндай акциялар қала мәдениетін арттырып, табиғатқа деген жауапкершілікті күшейтеді.