Заманның ағымы бөлек, уақыттың талабы өзге. Цифрлық дәуірде білім мен біліктің, жаңашылдық пен ізденістің маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Ендеше, келешек көшінен қалмау үшін жас буын қандай қабілеттерді бойына сіңіруі керек? Көкіректе жүрген осы сауалдар Өзбекәлі Жәнібеков атындағы оқу орнында өткен басқосуда таразыланды.
Басқосу «Жастардың маңызды қатысуы. Дағдыларды дамыту» тақырыбында өрбіді. ЮНИСЕФ ұйымдастырған іс-шараға студенттер, мектеп оқушылары, еріктілер мен цифрлық технологиялар саласының сарапшылары қатысты. Кездесуде университеттің басқарма төрағасы – ректор Қайрат Балабиев сөз сөйлеп, Шымкент қаласында төрт мыңға жуық ерікті бар екенін атап өтті. Олардың қатарында университет студенттері де аз емес. Сондай-ақ білім ордасында волонтерлер хабы құрылғанын айтып, оның мүмкіндіктеріне тоқталды.
Дәлірек айтсақ, университеттің ЮНИСЕФ-пен ынтымақтастығы 2025 жылдың қарашасында жаңа кезеңге қадам басты. Сол кезде оқу орнының базасында Қазақстандағы алғашқы ЮНИСЕФ жастар хабы ашылды. Содан бері Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті жастардың білімін жетілдіруге, волонтерлік бастамалары мен тың жобаларын дамытуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.
Жастар хабының басты мақсаты – жастарға не істеу керектігін үйрету емес, керісінше, олардың өз идеяларын ұсынып, жобаларды бірлесіп әзірлеуіне және шешім қабылдау үдерісіне қатысуына мүмкіндік беру. ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілінің орынбасары Милена Харизанованың айтуынша, Шымкенттегі жастар хабына бүгінде мыңнан астам жас тартылған. Жалпы, елімізде осындай алты алаң жұмыс істейді. Ал UNICEF Jastary ұлттық бағдарламасы 15 мыңға жуық қатысушыны біріктірген. Ұйымның волонтерлік бастамалары 100 мыңнан астам адамды қамтыған.
Айта кетейік, ЮНИСЕФ-тің жастар платформасында түрлі бағыттағы оқу материалдары ұсынылған. Олар психикалық денсаулық, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, климаттық сауаттылық және бала құқықтары тақырыптарын қамтиды. Ал бұл кездесуге барлығы 88 адам тіркелген. Олардың шамамен 55 пайызы – Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің студенттері, қалғаны – мектеп оқушылары. Қатысушылар алдын ала берілген өтінімдер негізінде іріктелген.