Қоғамда ашық айтыла бермейтін, бірақ адам тағдырына балта шабатын сталкинг ұғымы бүгінде өзекті мәселеге айналған. Ізге түсіп, психологиялық қысым көрсетудің салдары қандай? Осы тақырыпты арқау еткен белгілі тележүргізуші Дана Нұржігіт шымкенттік студенттермен жүздесті. Қалам мен сөздің қадірін ұғынған болашақ филологтар үшін бұл кездесу ерекше әсерлі өтті. «Сөз бен сана» деп аталған ашық диалог алаңында тек шығармашылық емес, адам жанының қауіпсіздігі мен құқықтық сауаттылық мәселесі сөз болды. Кездесудің басты жаңалығы — Дана Нұржігіттің «Көлеңке 115-1» атты кітабының тұсаукересері.
Бұл автордың өз басынан өткерген ауыр кезеңдеріне, шынайы өмірлік тәжірибесіне негізделген деректі туынды. Кітапта қазіргі қоғамда жиі кездесетін «сталкинг» ұғымына кеңінен түсінік берілген.
Еркін форматта өткен жиында студенттер көкейде жүрген сауалдарын қойып, автормен ашық пікір алмасты. Жастардың сөзінше, туындының алғашқы парақтары-ақ күрделі тақырыпты қарапайым тілмен ұғындырады. Осындай тағылымды кешке дәнекер болған оқу орнына алғыс білдірген студенттер өз әсерлерімен бөлісті. Бір қарағанда көрінбейтін, бірақ адам өміріне үлкен қауіп төндіретін «көлеңкелі» әрекеттерге қарсы тұру — әркімнің өз қолында. Бұлі кездесу жастарға тек әдеби әсер сыйлап қана қоймай, жеке қауіпсіздік пен саналы көзқарас қалыптастыруға үлкен серпін берді.