Енді қаланың шеткі аумақтарындағы тұрғындар үшін шұғыл көмек бұрынғыдан әлдеқайда жақын. Мегаполисте құтқарушылар, полицейлер мен жедел жәрдем дәрігерлерін бір орталыққа тоғыстырған жаңа әмбебап кешен іске қосылды. Кешеннің ашылу салтанатына Төтенше жағдайлар министрі мен қала әкімі қатысты. Бір қоңырау — бір үміт, ал дер кезінде жеткен көмек — адам өмірін сақтап қалуы мүмкін. Енді Шаһардағы Жаңаталап тұрғын алабында шұғыл көмек қызметтерінің мүмкіндігі арта түспек. Мұнда 112, 102 және 103 қызметтері бір насанға біріктірілген бесінші әмбебап жедел қызметтер кешені ашылды.Жаңа нысанның ашылуына Төтенше жағдайлар министрі мен қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысты. Азаматтық қорғау органдарының ардагерлері қызыл лентаны қиып, нысанды салтанатты түрде ашып берді. Сонымен қатар басшылар заманауи кешеннің техникалық мүмкіндіктерін тексеріп, қауіпсіздік күзетінде жүрген үздік қызметкерлерге министр арнайы алғыс хат табыстады. Аталға кешен қаланың төрт бірдей ірі тұрғын алабына қызмет көрсетеді. Олар — Жаңаталап, Көкбұлақ, Алтынтөбе және 20 жыл Тәуілсіздік елді мекендері. Бұл аумақтарды 11 мың 200-ден астам тұрғын мекендейді. Бұрын қала орталығынан жедел көмек күтіп, уақыт жоғалтатын жұрт үшін бұл — үлкен қуаныш болмақ. Қаланың қауіпсіздігі мұнымен шектелмейді. Жыл соңына дейін Тұран шағын ауданында жаңа өрт сөндіру депосы есігін айқара ашады. Ал 2027 жылы Бозарық, Қайнарбұлақ және Ақжар алаптарында дәл осындай тағы 3 әмбебап кешен салынбақ. Яғни, мегаполистің шеткі аймақтары түгелдей шұғыл қызметтің қалқанына алынады.