Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Қазақстандағы Ұлыбритания елшісі Майкл Гиффордпен кездесті. Басқосуда туризм мен өндіріс саласындағы әріптестік таныту жайы сөз болды, деп хабаралйды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Алдымен облыс басшысы жаңа облыс орталығының даму жоспарымен таныстырды.
«Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен жаңа Түркістан облысы құрылып, оның орталығы ретінде көне Түркістан қаласы болып бекітілді. Күллі Түркі халықтарының рухани түп қазығы саналатын Түркістанда ислам әлемінің жарқын тұлғасы Ясауи, сондай-ақ күллі қазақ халқының тұлғалары мәңгілік мекен тапқан. Кешегі Ұлы Жібек жолы, бүгінде Батыс Қытай – Батыс Еуропа магистралі бойында орналасқан тарихи қаланың қазіргі таңда екінші өмірі басталды. Ясауи кесенесі туристер үшін «Рухани орталық» ретінде қайта жаңғыратын болады. Бұдан өзге, «Әкімшілік-іскерлік орталық» бой көтереді. Шаһардың әлемдік байланысын арттыру үшін теміржол, әуе қатынастары қарқынды дамиды. Алдағы жылы жаңа әуежай салынады. Болашақта Самарқанд – Бұқара – Түркістан туристік бағытын қалыптастыру жоспарланып отыр», – деді Өмірзақ Естайұлы.
Сондай-ақ, аймақ басшысы өңірге туризм саласынан бөлек, ауыл шаруашылығы, өндіріс саласына инвестиция салу тиімді әрі қолайлы екендігін жеткізді.
Өз кезегінде Ұлыбритания елшісі Майкл Гиффорд Түркістан қаласында Әмір Темір салдырған Ясауи кесенесі туристер үшін көнелігімен, тарихи бағасымен құнды екенін айтты.
«Түркістан қаласындағы Ясауи кесенесі ЮНЕСКО сынды халықаралық ұйымның тізіміне енген Орта Азиядағы баға жетпес жауһарлардың бірі. Осының өзі әлем туристерін қызықтырады. Қазір туристер үшін көне заманнан бері сол қалпында сақталған жәдігерлер құнды. Алдағы уақытта туризм саласын дамытуда әріптестік орнайтынына сенімдімін», – деді елші.
Кездесу соңында облыс әкімі шетелдік елшіні Түркістан қаласына жасаған алғашқы саяхатымен құттықтап, сый-сыяпат жасады.