Дархан Қыдырәлі: Әлеуметтік блокқа республикалық бюджеттің 45 пайыз үлесі жұмсалады. Бұл қаражат салыстырмалы түрде аз емес. Әлеуметтік саясатты жетілдіруге және оңтайландыруға қатысты көзқарасыңызды білсек деп едік. Жалпы, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға қатысты не айтасыз?
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:
— Халықтың әлеуметтік жағдайын, тұрмыс сапасын жақсарту ешқашан күн тәртібінен түспейді. Біз, тіпті, экономикалық жағдай қазіргіден әлдеқайда қиын кезеңде де еліміздегі әлеуметтік ахуалға ерекше көңіл бөлдік қой.
Мысалы, көп балалы аналардың жағдайы жалпы әлеуметтік саланың барометрі болып табылады. Дені сау анадан дені сау ұрпақ туады. Сапалы медициналық көмек, лайықты білім алған баладан отаншыл, мықты азамат шығады. Яғни, адами капиталды дамыту аналардың әлеуметтік жағдайын жақсартумен тікелей байланысты. Аналарымыз отбасының ғана емес, қоғамның да ұйытқысы екенін ұмытпауымыз керек.
Алдағы уақытта әлеуметтік салаға 2 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалатынын білесіздер. Аз қамтылған көп балалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салынады. Өңірлерге жасаған сапарымда мен облыстардағы баспана құрылысының жүргізілу барысын жіті қадағалайтын боламын. Еңбекақыны өсіру, денсаулық сақтау саласын ілгерілету, демографияны дамыту, өңірлердегі инфрақұрылымдарды жақсарту сияқты жұмыстардың бәрі жоспарлы түрде іске асырыла береді. Бұл — бұлжымайтын жоспар.
Қоғамдық пікірге қозғау салған отандастар мәселесін қолдан саясаттандыруға болмайды. Шетелдегі қандастарымызды («оралман» деген сөзге мен қарсымын) Атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру — біздің парызымыз.
Елбасы әлеуметтік әділетті мемлекет құру бағытында орасан зор жұмыс атқарды. Биылғы Жастар жылының ашылуы және «Nur Otan» партиясының ХVIII съезінде берген бес әлеуметтік бастамасы мен тапсырмалары кешенді жүзеге асырылатын болады. Мен бюджет саласының төмен жалақы алатын қызметкерлерінің еңбекақыларын бір ай бұрын — 1 маусымнан бастап өсіруді тапсырдым. Аталған шара миллионнан астам қызметкердің өміріне оң ықпал ететін болады.
Азаматтарды бірінші кезекте не толғандырады? Әрине, баспана мәселесі. Осыған байланысты әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер бөлу қарастырылып отыр. Әкімдер бұл іске биылғы мамырдан бастап кіріседі. Біз, алдымен әр қазақстандықтың тұрмыс сапасын жақсартуды ойлаймыз. Сондықтан халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін инфрақұрылымдық сипаттағы мәселелерге назар аудару қажет. Бұл — тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы, яғни жылумен және сумен қамтамасыз ету, кәріз жүйесі, сондай-ақ жолдар, газдандыру мәселелері, экология және қауіпсіздік түйткілдері. «Құтты мекен» және «Ауыл — ел бесігі» жобалары осы міндеттерді орындауға бағытталған. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін алдағы үш жылға триллионнан астам теңге қарастырылып отыр.
Алайда, Үкімет пен әкімдер бюджет қаржысы түпсіз құдық еместігін ұғынуы тиіс. Бөлінген қаржы нақты экономикаға жедел жетуін қамтамасыз ету қажет. Осы орайда, аталған жобаларға отандық өндірушілердің барынша мол тартылуын бақылауға алуды тапсырдым. Бұл әлеуметтік мәселелерді шешумен қатар өңірлердің экономикасын ынталандыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, өңірлер мемлекеттің әлеуметтік саясатын жүзеге асыруға белсенді атсалысуы қажет. Бүгінде әкімдіктер әлеуметтік көмектің оннан астам түрін көрсетеді. Олардың ішінде жәрдемақы төлеу, баспанамен қамтамасыз ету, жол жүру жеңілдіктері, тегін тамақ беру және басқалары бар. Алайда, тұтастай алғанда, өңірлерде әлеуметтік қолдау шараларына 5,3 пайызға жуық қаржы бөлінеді. Әлеуметтік төлемдердің айтарлықтай бөлігі республикалық деңгейде жүзеге асырылады. Қолданыстағы бюджет теңдестірілмеген және қайта форматтауды талап етеді. Бюджеттің толығу көздеріне жан-жақты сараптама жүргізілмейді. Екіншіден, бюджеттің «өндіріссіз шығындары» бар. Көптеген қажетсіз, жөнсіз шығынға жол беріледі.
Сонымен қатар халықтың нақты табыс табуына қатысты мәселелерді тек бюджеттік шығындар есебінен шешу мүмкін емес екенін де түпкілікті түсінгеніміз жөн. Біз бюджетке қатысты көзқарасымызды түбегейлі өзгертуге тиіспіз. Мысалы, жергілікті әкімдер көлікті, жиһазды аса қымбатқа сатып алады. Оған қоса жергілікті атқару органдары түрлі имидждік іс-шараларды өткізуге құмар. Осындай шығындарды тоқтатып, жергілікті бюджет қаржысын әлеуметтік іс-шараларға жұмсау керек. Жалпы, ысырапшылдыққа тосқауыл қою қажет, сондай-ақ бюджеттің жымқырылуын мүлдем жою керек.
Масылдық пиғылға да жол бермеуіміз керек. Азаматтарымыз үшін ең ұтымды әлеуметтік қорғау — бұл өз бизнесін жүргізуге мүмкіндігінің болуы немесе білікті еңбегі үшін лайықты еңбекақы алуы.
ҚазАқпарат.