2018 жылы Шымкент қаласында қоғамдық жолаушылар тасымалдау саласында 27 көлік компаниясы 79 бағытта 1 123 көлік құралдарымен жолаушыларға қызмет көрсетті.
Қалалық тасымалдаушылар жалпы 80 жаңа автобус сатып алды. Жаңа автобустар әлеуметтік маңызы бар бағыттарында қызмет көрсетуде.
Сонымен қатар, қалалық бағыттардағы автобустарды жаңарту механизмі жасалды. Аталған механизмге сәйкес, «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы оператор болып анықталып, бірінші кезекте отандық 300 автобус алып, жалпы 1000 автобусқа жеткізу көзделуде. Бұл өз кезегінде қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында, Шымкент қаласы бойынша жол картасы әзірленген. Аталған жол картасына сәйкес 2 жоба енгізілген:
1. Қалалық қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін енгізу;
2. Шымкент қаласында Smart-тұрақтар жүйесін енгізу.
Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін енгізу жұмыстары атқарылуда, жүйені 2019 жылдың соңына дейін барлық қалалық бағыттарда енгізу жоспарлануда. Аталған жобаны енгізу арқылы жолаушыларға қолайлы жағдайлар жасалады, тасымалдаушылардың табыстарының ашықтығын көрсетеді және бюджетке төленетін салық төлемдері артатын болады.
Шымкент қаласындағы экологиялық ахуалды жақсарту, тұрақ орындарының қолжетімділігін арттыру және жол қозғалысына қатысушылар үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында «Smart-түрақ (парковка)» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Жобаны іске асыру үшін «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан «Шымкент паркинг» ЖШС құрылып, жобаны іске қосуға жауапты мекеме болып белгіленген. Бүгінгі күнде алдағы міндеттер анықталып, паспорттауға қойылатын талаптар белгіленуде және тұрақтар орналасатын орындарды келісімдеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.