Экспорт көлемі 24%-ға ұлғайды — Ж. Қасымбек бір жылдағы жұмыс қорытындылары туралы

ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифингте индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек шикізаттық емес экспортты ілгерілету бойынша қабылданып жатқан шаралар мен экономиканың өнеркәсіптік секторын цифрландыру барысы туралы айтып берді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша, сондай-ақ индустрияландыру мен «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламалары аясында жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр.

Ж. Қасымбек негізгі металдарға қатысты әлемдік бағаның төмендеуіне, негізгі сауда әріптестеріне қатысты санкцияларға және басқа да сыртқы факторларға қарамастан, 2018 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп 4,1%-ке өскенін айтты. Бұл тау-кен секторының 4,6%-ға және өңдеуші өнеркәсіптің 4%-ға озық қарқынмен өсуі есебінен орындалды. Негізгі драйверлер — машина жасау, химия өнеркәсібі, мұнай өңдеу, жеңіл өнеркәсіп және мұнай мен газ өндіру салалары.

«2018 жылдың қорытындысы бойынша өңдеуші өнеркәсіпте жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың саны 14,7 мыңға жетті. Жалпы алғанда өнеркәсіп бойынша еңбек өнімділігі 3,5%-ға, негізгі капиталдағы инвестициялар – 27%-ға өсті», — деді министр.

Индустрияландыру бағдарламасын іске асыру кезеңінде жалпы құны 7,9 трлн теңге болатын 1250-ден астам жоба іске қосылып, 120 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Ал, 2018 жылы құны 1,3 трлн теңге болатын 100 жаңа жоба іске қосылып, 13 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды.

2019 жылы жалпы сомасы 1,1 трлн теңге болатын 120-ға жуық кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жобалар бойынша 20 мың тұрақты жұмыс орны құрылады.

Шикізаттық емес экспортты ілгерілету бойынша қабылданған шаралардың арқасында 2018 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша экспорт көлемі 24%-ға өсіп, $54,7 млрд құрады, оның ішінде өңделген өнімдер экспорты $14,3 млрд жетті. 2018 жылы қазақстандық өнім 119 елге экспортталды.

Алдағы үш жылда (2019–2021 жж.) салаға қосымша 500 млрд теңге бөлініп, бұл шикізаттық емес экспортты дамытуға жаңа серпін береді. Бұл 2021 жылға қарай өңдеуші өнеркәсіп өнімдерінің экспортын 720 млрд теңгеге дейін, экспорттаушылар санын 411-ден 600 субъектіге дейін арттыруға мүмкіндік береді.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2022 жылға қарай өңдеу өнеркәсібі мен тау-кен металлургия кешенінің (ТКМК) 100-ден астам кәсіпорнында инновациялық және цифрлық технологияларды енгізу көзделген.

«Биыл ТКМК, химия, құрылыс және азық-түлік саласының 32 кәсіпорнында инновациялық және цифрлық технологияларды енгізуге қатысты 38 жоба іске асырылады», — деді Ж. Қасымбек.

Өткен жылы Индустриялық дамудың үшінші бағдарламасын әзірлеу жұмыстары басталды. Министрдің айтуынша, жаңа индустриялық саясат 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінде (2016 жылғы деңгеймен салыстырғанда): еңбек өнімділігінің нақты өсімі — 1,7 есе, шикізаттық емес экспорттың құндық көлемінің өсімі — 2,3 есе, өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына салынған инвестициялардың нақты өсімі — 2 есе.

primeminister.kz

Ұқсас жазбалар

АЙМАҚТАРДЫ ДАМЫТУДЫҢ 2030 ЖЫЛҒА ДЕЙІНГІ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ БЕКІТІЛДІ

АЙМАҚТАРДЫ ДАМЫТУДЫҢ 2030 ЖЫЛҒА ДЕЙІНГІ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ БЕКІТІЛДІ

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Менің тапсырмаммен былтыр 2030 жылға дейін аймақтарды дамытуға арналған тұжырымдама бекітілді. Басты мақсат – өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті...

СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ АРҚЫЛЫ 847 МЛН ТЕКШЕ МЕТР СУ ҮНЕМДЕЛДІ

СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ АРҚЫЛЫ 847 МЛН ТЕКШЕ МЕТР СУ ҮНЕМДЕЛДІ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздің су шаруашылығын жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан...

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ — ҚАЗАҚСТАННЫҢ САЯСИ ДАМУЫ МЕН БІРІЗДІЛІГІН БЕКІТЕДІ

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ — ҚАЗАҚСТАННЫҢ САЯСИ ДАМУЫ МЕН БІРІЗДІЛІГІН БЕКІТЕДІ

Қазақстан Республикасы Президентінің төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық реформаның маңыздылығына тоқталды. Мемлекет басшысы: - «Жаңа Конституция жобасына...

ҚРКФ ТӨРАҒАСЫ: «ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – АДАМ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ЖҮЙЕДЕН ЖОҒАРЫ ТҰРАТЫН ЗАҢ»

ҚРКФ ТӨРАҒАСЫ: «ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – АДАМ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ЖҮЙЕДЕН ЖОҒАРЫ ТҰРАТЫН ЗАҢ»

Сәрсенбі күні, 4 ақпанда, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы, Конституциялық комиссияның мүшесі Сатыбалды Дәулеталиннің жетекшілігімен Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасын талқылау...