Б. Сағынтаев: мемлекеттік сатып алулар саласындағы жаңа заңнамалық өзгерістер еліміздегі бизнес ахуалдың жақсаруына ықпал етпек

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу мәселелері қаралды. Аталған бағыттың іске асырылуы туралы ҚР қаржы министрі Әлихан Смайылов баяндады.

ҚР Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, 2018 жылы мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алуларының жалпы көлемі 9,2 трлн теңгені құрады. Оның ішінде: мемлекеттік сатып алулар – 3,6 трлн тг, «Самұрық-Қазына» қоры — шамамен 5 трлн тг және өзге ұлттық компанияларының сатып алулары — 600 млрд теңгеге жуық. Осылайша, мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулардың 2018 жылғы көлемі 2017 жылға қарағанда 3,4% жоғары.

Мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу саласын жетілдіру мақсатында 2018 жылдың 26 желтоқсанында Елбасы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Заң 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енді. Заңды іске асыру үшін Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алулар Ережелеріне өзгерістер енгізді.

Қаржы министрінің айтуынша, заңға енгізілген түзетулер мен ережелердің жаңа өзгерістеріне сәйкес, мемлекеттік сатып алулардың веб-порталы пысықталды. Осылайша, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық мемлекеттік сатып алулар веб-порталда мемлекеттік сатып алулар туралы заңнамаға енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес жүзеге асырылады.

Жалпы, қабылданған Заңдағы түзетулерді 3 блокқа бөлуге болады.

Біріншісі — мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жеңілдету

«Бір көзден сатып алудың шекті сомасы 100-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін өседі. Бұл маңыздылығы аз жұмыстар мен қызметтер бойынша сатып алу рәсімдерін айтарлықтай жеңілдетеді. Осы норма негізінен бюджеті шағын тапсырыс берушілерге қатысты (бала-бақшалар, мектептер, емханалар, ауруханалар, мәдениет үйлері, интернаттар, қарттар үйлері)», — деді Ә. Смайылов.

Сонымен қатар, заңға сәйкес, осы норма 2021 жылға дейін қолданылады. Бұл ауыл әкімдіктерінің мемлекеттік сатып алуларды өткізу бойынша тәжірбиелерін қалыптастыру үшін енгізілді. Бұған қоса, баға ұсыныстарын сұрату кезінде тапсырыс берушілерге тауарлардың фирмалық атауларын көрсетуге құқық берілді. Бұл сапалы тауарларды сатып алуға мүмкіндік береді.

Екіншісі — әлеуетті жеткізушілердің біліктіліктерін жоғарылату

«Әлеуетті жеткізушіге қаржылық тұрақтылық түрінде жаңа біліктілік талап белгіленеді. Ол төленген салықтардың, айналымдағы және негізгі қаражаттың бар болуы, еңбек ақы төлеу қоры сияқты параметрлер арқылы анықталатын болады. Бұл мәліметтер Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерінен автоматты түрде алынады. Сонымен қатар, ол салық түсімінің артуына мүмкіндік береді», — деді Ә. Смайылов.

Заң біліктілікті алдын ала іріктеумен жүргізілетін конкурс тәсілімен сатып алуларды кеңінен қолдануға бағытталған. Осыған орай Қаржы министрлігіне сатып алулар тәсілін айқындау құзіреті берілді. Бұл құрылыс саласында сатып алуларды біліктілікті алдын ала іріктеумен жүргізілетін конкурс тәсілі арқылы ғана жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл құрылысты тездетеді және оның сапасын арттырады, себебі сатып алуларға тек білікті компаниялар мен өздерін көрсеткен жеткізушілер ғана қатысатын болады.

Сонымен қатар, баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуларда өтінімді және келісімшарттың орындалуын қамтамасыз ету міндеті енгізілді. Бұған дейін баға ұсыныстарын сұрату кезінде қаржылық міндеттемелер болған жоқ.

Сатып алуларға негізсіз шағымдану фактілерін қысқарту мақсатында заңмен келесі нормалар бекітілген:

1) өтінімді қаржылай қамтамасыз етпеген әлеуетті жеткізушілерге басқа қатысушылардың құжаттарын қарауға тыйым салынады;

2) конкурстық құжаттаманы алдын ала талқылауға қатыспаған әлеуетті жеткізушілердің шағымдары қаралмайды;

3) сатып алуларға қатыспаған үшінші тұлғалардың шағымдары бойынша келісімшарт жасасу мерзімі тоқтатылмайды.

Бұдан өзге, «демпингтік баға» ұғымына және оған жол бермеуге нақты түсінік берілді. Мемлекеттік сатып алулар Ережелерінде бағаны төмендетуге жол берілмейтін келесі шекті өлшемдер белгіленген:

  • құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша шекті өлшем — 10%;

  • жобалық-сметалық құжаттаманы және техникалық-экономикалық негіздемені жобалау бойынша — 15%;

  • техникалық қадағалау қызметтері бойынша — 15%.

Конкурстың барлық қатысушылар осы рұқсат етілген шекке дейін өздерінің бағаларын төмендете алады. Бұл конкурстық баға ұсыныстарының теңдігіне әкеледі. Осыған орай, шартты бағалар тең болған кезде, үлкен жұмыс тәжірибесі мен төленген салықтары бар компанияларға басымдық беріледі. Төленген салық сомасы бойынша жеткізушіні таңдау критерийі алғаш рет енгізілгенін атап өту керек.

«Бұл жеткізушілерді таңдаудағы әділ критерий болып есептеледі және кәсіпкерлердің салықты адал төлеуіне септігін тигізеді деп есептейміз. Сондай-ақ, аталған критерий конкурстың барлық көлемін қосалқы мердігерлерге беретін компаниялардың жеңуіне жол бермейді. Бұған дейін, шартты бағалар тең болған кезде, өтінімі бұрын түскен әлеуетті жеткізуші жеңімпаз деп танылатын. Бірақ бұл әдіс тапсырыс беруші мен әлеуетті жеткізуші арасында сөз байласу мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне мүмкіндік берген», — деп түсіндірді Ә. Смайылов.

Үшіншісі — бір көзден сатып алу үлесін төмендету

«Бір көзден сатып алудың 53 негізінен 5-еуі қысқартылды. Бір көзден сатып алуды қысқарту мақсатында тапсырыс берушілердің сатып алулары өткізілмеді деп танылған жағдайда, оларды қайта өткізу міндеті бекітілді. Бұл бір көзден сатып алуды қысқартуға мүмкіндік береді», — деді Ә. Смайылов.

Сонымен қатар, бір көзден сатып алу аясында қылмыстық-атқару жүйесінің «Еңбек» кәсіпорындарына қосалқы мердігерлерді тартуға тыйым салынды.

Сонымен қатар, заңда халықаралық тәжірибеге сәйкес отандық тауар өндірушілерді қолдау нормалары көзделген.

Мәселен, Ресей Федерациясына ұқсас, Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұлттық режимнен алып тастау жағдайлар тізбесі Заң аясында белгіленді. Әлеуетті жеткізушілерге қосымша талаптарды қою бойынша ҚР Қаржы министрлігінің құзыреті белгіленді. Мәселен, жұмыстарды жүргізу жерінде өндірістік базаның және жергілікті еңбек ресурстардың болуы деген талаптар қойылатын болады.

Квазимемлекеттік сектордың сатып алулары бойынша келесі нормалар қарастырылған:

  1. сатып алулар ережелерін бұзғаны үшін квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің әкімшілік жауапкершілігін қарастыру;

  2. квазимемлекеттік сектордың барлық сатып алуын электрондық форматқа көшіру;

  3. «Самұрық-Қазына» қорын қоспағанда, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бірыңғай ережелерін Қаржы министрлігімен бекіту.

Сондай-ақ, «Самұрық-Қазынаның» Ережелері Қаржы министрлігінің келісімімен бекітілетін болады. Айта кетсек, Заңның осы айтылған квазимемлекеттік сектордың сатып алу мәселелері бойынша нормалары 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енеді. Ә. Смайыловтың айтуынша, бұл заңға тәуелді актілерді қабылдау қажеттілігімен және оларды техникалық іске асырумен байланысты.

Мемлекеттік сатып алуларды орталықтандыру аясында, Сатып алулардың бірыңғай ұйымдастырушылары үшін республикалық, облыстық және аудандық деңгейлерде Қаржы министрлігі тиісті тауарлар тізімін бекітті. Қаржы министрлігінің бұйрығы 2019 жылдың 1 наурызынан бастап қолданысқа енеді.

Сонымен қатар, отырыс барысында «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов сөз сөйледі. Оның айтуынша, мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу мәселелері отандық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға, олардың біліктіліктерін арттыруға оң ықпал етеді.

Өз кезегінде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарушы директоры – хатшылық басшысы Ә. Пірметов 2018 ж. сатып алулар жүйесін жетілдіру бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Осылайша, отандық өңдеуші өнеркәсіпті қолдаудың жаңа шаралары әзірленді, Қордағы сатып алулар оңтайландырылды, сатып алуларды жүргізу мерзімдері қысқартылды, алдын-ала біліктілікті іріктеу процесі жақсарды, электронды сатып алудың жаңа платформасы енгізілді.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Еліміздегі бизнес ахуалды жақсартуға ықпал ететін мемлекеттік сатып алулар саласындағы негізгі мәселелерді шешуге бағытталған түзетулер енгізілді. Осыған орай, барлық мемлекеттік органдар, өңірлердің әкімдіктері ұлттық стандарттарды көрсету, бір көзден сатып алулар көлемінің өсуіне жол бермеу тұрғысынан отандық тауар өндірушілерді қолдау талаптарын сақтау шараларын қабылдауы тиіс. Қаржы министрлігіне осы Заң бойынша кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу және қажетті заңға қосалқы актілерді қабылдау тапсырылды.

Ұқсас жазбалар