«Айғақ» арнасының түсірілім тобы 806 шақырымды артта қалдырып «Әйтеке би ауылынан — Әйтеке бидің туған жеріне» атты жобаны іске асырды. Түркістан облысының Сайрам ауданы Әйтеке би ауылынан бастау алған жоба Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы Әйтеке би кентінде жалғасын тапты.
Біздің арнаның шығармашылық тобы осыдан 17 күн бұрын орталықтан бой көтерген Әйтеке Байбекұлы ескерткішіне барып, тағзым жасады. Биіктігі 12 метрді құрайтын ескерткіш кент тұрғындарына жаңа серпін беріп тұр. Ескерткіштің ашылуына арнайы Өзбекстан Республикасы Навои облысындағы Әйтеке би жерленген кесенеден топырақ әкеліп қойылыпты. Қазалы ауданы ақсақалдар кеңесінің төрағасы мен бірқатар азаматтар баба рухын асқақтатып, ізгілікті іс туралы айтып берді. Сонымен қатар, қазақтың көрнекті қайраткері Ғани Мұратбаевтың музейіне ат басын бұрып, ондағы құнды дүниелермен танысты. Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев арнамызға Әбдісаттар Оспановтың «Наркескен» атты 3 томдық жинағын сыйға тартты. Ұлы тұлғаларды ұлықтау — ұрпақ парызы. Жақын күндері арнайы дайындалған хабарды «Айғақ» телеарнасынан тамашалай аласыздар.
«Айғақ-ақпарат»