Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Шымкентте жалақы өседі. Жалақыны көтеру кезең-кезеңімен жүзеге аспақ. Мәселен, бір кәсіпорындар қараша айынан бастап көтеруге әзір болса, кейінгісі желтоқсан немесе келер жылдан бастап көбейтпек.
Осы және баға өсімінің әсері жөнінде мегаполис басшылары қаладағы алып кәсіпорындардың директорларымен кездесті.
Естеріңізде болса, Елбасының ағымдағы жылдың қазан айындағы Жолдауында ең төменгі жалақы 42 мың болсын деп тапсырған болатын. Бұл бастаманы барлық компаниялар қолдайды деп үміт артты.
Миллионды шаһардың әкімі Ғабидолла Әбдірахымов кездесуге қатысқан 70-тен астам кәсіпкерге еңбекақы жөнінде уәделесті. Азық-түлік пен бірінші кезекте қажетті тауарларға бағаның өсуі мәселесі де жеке талқыланды. «Баян сұлу» сауда үйінің иесі жалға беру құнын көтермейтінін, бағаны тұрақтатуға мүмкіндік жасайтынын айтты. Қаладағы ірі базар басшылары да өз кезегінде бағаны ұстап тұру үшін қажетті шаралар қолдануға уәде берді. Сонымен қатар, Шымкент қаласы әкімдігінің жанына штаб құрылды. Онда ірі сауда орталықтарының басшыларымен бағаның өсуіне жол бермеу мәселесі бойынша жұмыс жасалмақ.