ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен А.Мырзахметов ҚР Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалды. Асқар Исабекұлы Мырзахметов 1962 жылы 1 қазанда Шымкент қаласында дүниеге келген. Ауылшаруашылығы және экономика мамандықтары бойынша білім алған. Ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты.
Аспирантураны аяқтаған соң 1988-1991 жылдары Бүкілодақтық ауылшаруашылығы ғылымдары академиясының шығыс бөлімшесі жүйесінде кіші, кейіннен аға ғылым қызметкері болып жұмыс істеген. 1991-1997 жылдары шаруашылық субъектілер мен қоғамдық ұйымдарда (Орта Азия және Қазақстан биржа Қауымдастығы Басқармасының, Қазақстандағы Кәсіпкерлері Форумы Кеңесінің төрағасы) басшылық қызметтер атқарған. 1997 жылдан 2006 жылдың қаңтарына дейін Қазақстан Премьер-Министрінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі, бірінші вице-министрі және Ауыл шаруашылығы министрі лауазымдарында қызмет атқарған. 2006 жылдың сәуірінен 2007 жылдың қыркүйегі арасында Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі. 2007 жылдың қыркүйегінен 2009 жылдың наурызы аралығында – «Оңтүстік» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы. 2009 жылдың наурызынан — 2015 жылдың тамызына дейін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, бұл тағайындауға дейін «Нұр Отан» Партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары болып еңбек етті.
2009 жылдан бері 6 жыл қатарынан Оңтүстік Қазақстан облысын басқарған Асқар Мырзахметовтің еңбегін ел біледі. Өңірімізде енгізген қаншама өзгерістер бүгінде халықтың көз қуанышы. Әрбір атқарылған оңды істе Асқар Исабекұлының өзіндік қолтаңбасы бар. Жаңа қызметте сәттіліктер тілейміз!