ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дариға Назарбаева әр әкімге бір-бір тікұшақтан беру қажеттігін айтты, деп хабарлайды Baq.kz.
«Қазақстандықтар әлі осындай тікұшақтардың пайдасын білмейтін де шығар. Меніңше, елімізде санитарлық және медициналық авиация дамуы қажет. Әрбір әкімде, әсіресе, ауыл шаруашылығы басым аймақтардағы әкімдерде бір-бір тікұшақтан болуы тиіс. 500 шақырым жерге көлікпен бір күн жүрмей, тікұшақпен 2-3 сағатта жету керек», — дейді Назарбаева «Еврокоптер Қазақстанинжиниринг» зауытына барған журналистерге.
Депутаттың айтуынша, тікұшақтар әкімдердің жұмысын жеңілдетеді.
«Үлкен қалаларда адамдар таңертең немесе кешке көлік кептелісінде тұрып қалады. Осындай қалаларда аталмыш тікұшақтар бизнес үшін және такси ретінде пайдалы болар еді. Меніңше, біздің экономикамыздың болашағы бұған мүмкіндік береді. Осындай өнеркәсіпті барлық жағынан қолдауымыз керек. Осыған бірталай қаражат құйдық. Кәсіпорынды әрі қарай дамыту үшін Үкіметтің көмегімен немесе бағдарламалар арқылы қолдау қажет», — дейді Дариға Назарбаева.
Айта кетейік, «Еврокоптер Қазақстан инжиниринг» компаниясы Астанада орналасқан. Аталған кәсіпорын тікұшақ шығарады.