Кездесу барысында Қазақстан басшысы екіжақты ынтымақтастықты дамытып, бауырлық қатынасты әрі қарай нығайту қажеттігін айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан республикасы президенттігіне кандидат Өмірбек Бабановпен кездесті.
«Бүгінде Қырғызстан ел президентін сайлау қарсаңында тұр. Бұл кез келген мемлекеттің өміріндегі аса маңызды сәт. Қырғызстан тәуелсіздік алған уақыттан бері мен қашанда сіздерді басқарған президенттермен жемісті жұмыс істеуге тырыстым. Біз қайта сайланған, қырғыз халқы сенім білдірген президентпен де тиімді ынтымақтаса жұмыс істейтін боламыз», — Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы сонымен қатар Қазақстан және Қырғызстан халықтары арасындағы бірлік пен достықтың маңыздылығына назар аударды.
«Біз бөлісе алмайтын еш нәрсе жоқ. Біз қашанда бауырлас Қырғызстанды қолдадық, қазір де қажетті көмекті көрсетуге дайынбыз. Бұл көлік-транзит саласына және Еуразилық экономикалық одақ аясындағы ынтымаққа қатысты», — деп түйді Қазақстан президенті.
Өз кезегінде Өмірбек Бабанов қырғыз халқы Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгершілік саясатын жоғары бағалап, қолдайтынын айтты.
«Қырғызстанның премьер-министрі қызметінде жүргенімде сіз бізге жан-жақты көмек бердіңіз. Бауырлас Қазақстанның барлық табыстарын біз қуана қабылдаймыз», — деді Қырғызстан президенттігіне кандидат.
Дереккөз: Baq.kz