Шымкенттегі инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын тапты. Шымкент қаласының Ұлағат шағынауданында орталықтандырылған кәріз жүйесі іске қосылды. Нәтижесінде 2 200-ден астам абонентке кәріз желісіне қосылуға мүмкіндік жасалды. Бұл – тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға, санитарлық жағдайды реттеуге және шағынауданның инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды қадам.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғырту, халықты сапалы коммуналдық қызметтермен қамту және азаматтарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру міндеттеріне ерекше мән беріп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, орталықтандырылған кәріз жүйесін іске қосу қаланың инженерлік желілерін дамытуға және тұрғындардың тұрмыстық қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстардың маңызын айқындай түсті.
Ұлағат шағынауданындағы кәріз желілерінің құрылысына арналған жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, 2021 жылы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Ал 2022–2023 жылдары құрылыс жұмыстарына бюджет қаражаты бөлініп, нысанның құрылысын «АлемСтрой-1» ЖШС мердігер мекемесі жүргізген. Нысанды қабылдау актісі 2024 жылдың соңында рәсімделген.
Жоба бойынша жалпы ұзындығы 40,9 шақырымды құрайтын кәріз желілерінің құрылысы толық орындалып, жұмыс көлемінің орындалу көрсеткіші 100 пайыз деп тіркелген. Алайда кейін мердігер ұйымның жұмысына қатысты бірқатар сәйкессіздік анықталған.
Атап айтқанда, төрт көшеде жалпы ұзындығы шамамен 700 метр болатын кәріз құбыры тартылмаған. Сонымен қатар кәріз-сорғы станциясы жұмыс істемей, кейбір құдықтар бітеліп қалған. Жұмыстар барысында бүлінген жол жабыны да тиісті деңгейде қалпына келтірілмеген.
Анықталған кемшіліктерге байланысты тексеру жүргізіліп, міндеттемелерін тиісінше орындамаған мердігерге қатысты тиісті шаралар қабылданған.
Анықталған олқылықтарды жою мақсатында Шымкент қаласының Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы бірқатар жұмыс ұйымдастырды. Демеушілік қаражат есебінен жетіспейтін құбырлар тартылып, кәріз-сорғы станциясы іске қосылды. Бұған қоса, бітелген құдықтар тазартылып, олардың түбі бетонмен бекітілді.
Осылайша, бұрын іске қосылуына кедергі болған мәселелер шешімін тауып, кәріз жүйесі жұмыс істей бастады. Нәтижесінде Ұлағат шағынауданының 2 200-ден астам абонентіне орталықтандырылған кәріз желісіне қосылуға жол ашылды.
Бұл тұрғындар үшін қолайлылықты арттырып қана қоймай, елді мекендегі санитарлық тазалықты қамтамасыз етуге де оң ықпал етеді. Сонымен бірге инженерлік инфрақұрылымның дамуы шағынауданның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылғысы келетін тұрғындар «Су құбыры және кәріз басқармасы» МКК-ға электронды өтінім беруі қажет.
Ұлағат шағынауданындағы кәріз жүйесінің іске қосылуы инфрақұрылымдық жобаларды сапалы орындаудың, анықталған кемшіліктерді дер кезінде жоюдың және тұрғындар алдындағы міндеттемелерді қамтамасыз етудің маңызын көрсетті. Ендігі міндет – абоненттерді жүйеге кезең-кезеңімен қосып, көрсетілетін коммуналдық қызметтің сапасын қамтамасыз ету.











